Неміс дәрігері 15 науқасты қасақана өлтірді деген күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM — Паллиативтік көмек көрсететін неміс дәрігеріне науқастарды өлімге әкелетін дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы 15 адамды өлтірді деген айып тағылды, деп хабарлайды BBC. 

Неміс дәрігері 15 науқасты қасақана өлтірді деген күдікке ілінді
Фото: Freepik

2021 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың шілдесі аралығында ол 12 әйел мен 3 ер адамды өлтірген болуы мүмкін. Алайда, прокуратураның мәліметінше, құрбандар саны бұдан да көп болуы ықтимал.

Германия заңына сәйкес, дәрігердің аты-жөні жарияланбай отыр. Прокуратураның мәлімдеуінше, ол өз кінәсін мойындамаған.

Айыпталушы дәрігер науқастарына олардың келісімінсіз анестетик пен миорелаксант енгізген деп күдікке ілінген. 

— Миорелаксант тыныс алу бұлшықеттерін сал қылып, бірнеше минут ішінде адамның тынысын тоқтатуға және өлімге әкелген, — делінген прокуратура мәлімдемесінде.

Күдікті Германияның бірнеше федералдық жерінде жұмыс істеген. Күдік тудырып отырған мәйіттердің жасы 25 пен 94 жас аралығында.

Сондай-ақ айыпты өз құрбандарының өлімін жасыру үшін пәтерлерін өртеп жіберген болуы мүмкін.

2024 жылдың шілдесінде оған бір күнде екі науқасты өлтірді деген айып тағылды. Бірі — Берлин орталығында тұратын 75 жастағы ер адам, екіншісі — көршілес аудандағы 76 жастағы әйел.

Прокуратура дәрігер әйелдің үйін өртемек болғанын, бірақ ол әрекеті сәтсіз аяқталғанын мәлімдеді.

Алғашында, 2024 жылдың тамызында тұтқындалған кезде, ол тек төрт науқастың өліміне қатысы бар деп күдікке ілінген. Алайда тергеу барысында басқа да күдікті өлім жағдайлары анықталып, құрбандардың мәйіттерін эксгумациялау жоспарланып отыр.

Прокуратура күдіктіні өмір бойы медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырып, алдын ала сақтық үшін түрмеге қамауды талап етіп отыр. Қазіргі уақытта ол қамауда.

Бұған дейін Аустралияда 15 жастағы швед жасөспірімнің жалдамалы кісі өлтіру ұйымдастырмақ болғаны үшін тұтқындалғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар