Неміс экономисі зейнеткерлер үшін міндетті «әлеуметтік жыл» енгізуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Зейнетке шыққан соң, тағы бір жыл қоғамдық пайдалы іспен айналысу — осындай бастаманы Неміс экономикалық зерттеулер институтының президенті Марсель Фрацшер ұсынды. Германияда мұндай жүйе қазір де бар, бірақ тек жастар үшін және ерікті түрде жүзеге асады, деп жазды DW.
«Әлеуметтік жыл» деп аталатын бұл жүйеде адамдар қайырымдылық немесе әлеуметтік бағыттағы ұйымдарда жұмыс істейді. Бұл үшін толық жалақы емес, тек шағын өтемақы беріледі.
Фрацшер осы жүйені зейнеткерлерге де енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама денсаулық сақтау, күтім, қорғаныс сияқты салаларда кадр тапшылығын шешуге көмектесер еді. Мысалы, Бундесверге (Германия Қарулы күштері) техникалық білімі бар мамандар қажет. Сонымен қатар, бұл жастарға түсетін әлеуметтік-экономикалық ауыртпалықты азайтуы мүмкін.
Spiegel журналына берген сұхбатында экономист бэби-бумерлер (1950-жылдардың ортасынан 1960-жылдардың соңына дейін туғандар) ұрпағының баласы аз болғанын атап өтті.
Алайда бұл ұсыныс қоғамда наразылық тудырды. Германияның әлеуметтік ұйымы (SoVD) бұл пікірді сынға алды. Ұйым жетекшісі Михаэла Энгельмайер:
– Миллиондаған адам төрт баладан бас тарту туралы шешімді, соның ішінде қаржылық себептермен қабылдады. Ал енді оларға қартайғанда қоғамдық жұмыс түрінде «жаза» ұсыну – бұл құрметсіздік, – деді.
Сондай-ақ Германия кәсіподақтар қауымдастығы да бұл идеяға қарсы шығып:
– Ондаған жыл жұмыс істеген адамдар зейнетақысын толыққанды алуға лайық, – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Германияның медицинасы дағдарыс алдында екенін жазған едік.