Neo Nomad Visa алуға өтініш берушілерге қандай талап қойылады

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі Neo Nomad Visa алуға өтініш берушілерге қандай талап қойылатынын айтты. 

виза
Фото: Kazinform

«Бүгінгі күні Neo Nomad Visa енгізу жоспарлануда. Ол үшін министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, іске асыру тетіктерін және қажетті құжаттарын пысықтап жатыр. Бұл визаның иегері табысы кемінде 3 мың АҚШ долларын құрайтын ТОП-50 дамыған елдің азаматтары (елдердің тізбесі нақтылануы мүмкін), сондай-ақ соттылығы жоқ, Қазақстан аумағында жалға алынған жылжымайтын мүлік және жарамды медициналық сақтандыруы бар тұлғалар бола алады. Визаның қолданылу мерзімін тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігі беріледі», - деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомствоның мәліметінше, аталған визаны алуға өтініш берушілерге мынадай негізгі талаптар (тізім әлі нақтыланады) қойылмақ: 

– 23 жастан асқан (өзгертілуі мүмкін);

– соттылықтың болмауы; 

– шетелден 3 мың доллардан кем емес заңды табысының болуы. 

– Қазақстан аумағында жалға алынған жылжымайтын мүлкінің болуы; 

– медициналық сақтандырудың болуы. 

Айта кетейік, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қазіргі заманғы көшпенділердің визасын енгізу мәселесі қаралып жатқанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар