Непалда 22 сағат бойы үйіндінің астында жатқан сәби құтқарылды - ФОТО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Непалда құтқарушылар 22 сағат бойы қираған үйдің астында жатқан 4 айлық сәбиді алып шықты. Бұл нәрестенің тірі екендігіне ешкімнің де үміті болмаған, деп хабарлады Би-би-си.
Ол тоғыз жасар әпкесінің қарауында үйде болған. Жер сілкінісі салдарынан сенбі күні олардың үйлері қирап, құлаған.
Қыз үйден шығып үлгеріп, Сонит Авал есімді баланы құтқару үшін ересектерді іздеген.
Сәбидің дауысын KathmanduToday.com сайтында жұмыс істейтін 26 жастағы фотограф Амул Тхапа естіпті. Ол көмекке ұмтылады. Фотографтың айқайына сарбаздар келіп, үйінділерді қопара бастаған. Алайда сәбиді келесі күннің таңертеңгі уақытында ғана алып шығу мүмкін болды.
Жер сілкінісі салдарынан Бхактапурдегі көптеген ескі үйлер қирады. Тұрғындардың көбі баспанасыз қалды.