Непалда 6 814 метрлік Ама-Даблам шыңынан түскен неміс альпинисті қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Непалдың солтүстік-шығысында орналасқан Ама-Даблам шыңынан түсу кезінде неміс альпинисті құлап, қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасаған Report хабарлады.

Непалда 6 814 метрлік Ама-Даблам шыңынан түскен неміс альпинисті қаза тапты
Фото: Report

Real Himalaya Pvt Ltd туристік компаниясының басшысы Гокул Тапаның айтуынша, альпинист жексенбі күні биіктігі 6 814 метр болатын Ама-Даблам шыңына көтерілген. Алайда төмен түсу кезінде шамамен 1 500 метр биіктіктен құлап, дүйсенбі күні көз жұмған.

Компания басшысының мәліметінше, альпинистің денесі таудан шығарылып, тікұшақпен Катмандудағы ауруханаға жеткізілген. Онда мәйітке сараптама жүргізіледі.

Биылғы альпинизм маусымында, яғни қыркүйек пен қараша аралығында, Ама-Даблам шыңына шығуға 300-ден астам альпинист рұқсат алған.

Ама-Даблам — альпинистер арасында танымал таулардың бірі. Ол Гималайдың шығыс бөлігіндегі Солукхумбу ауданында, Эверест шыңынан небәрі 20 шақырым жерде орналасқан.