Непалдағы су тасқыны: Мектептерді қалпына келтіруге $15 млн-нан аса қаржы қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Непал билігі жойқын су тасқынынан зардап шеккен білім беру инфрақұрылымын қалпына келтіру шығынын 2,34 млрд непал рупиясына, яғни шамамен 15,3 млн долларға бағалады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі The Kathmandu Post басылымына сілтеме жасап.
Табиғи апат салдарынан 9 мыңнан астам оқушының білім алуына кедергі келді.
Залал мен қажеттіліктерді жедел бағалауды Ұлттық жоспарлау комиссиясы мен Табиғи апаттар қаупін азайту және басқару жөніндегі ұлттық басқарманың жетекшілігімен құрылған техникалық топ жүргізді.
Биліктің мәліметінше, Расува ауданында 18 мектеп зардап шеккен. Оның 11-інің ғимараты толығымен қираса, тағы жетеуі зақымданған. Ғимараттармен бірге оқу құралдары, жиһаздар және басқа да мүлік жойылған.
Мектептерді шұғыл қалпына келтіріп, оқу процесін қайта бастау үшін шамамен 688 мың доллар қажет. Ал білім беру инфрақұрылымын ұзақ мерзімді қайта жаңғыртуға тағы 14,7 млн доллар керек.
Үкімет табиғи апат салдарынан ата-анасынан немесе қамқоршысынан айырылған, сондай-ақ үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған балаларға арнайы шәкіртақы бағдарламасын да жариялады. Бұл қолдау олардың мектепті аяқтағанға дейін оқуын жалғастыруына мүмкіндік бермек.
Су тасқыны білім беру жүйесіне ғана емес, басқа да салаларға айтарлықтай зиян келтірді. Үкіметтің алдын ала бағалауынша, елдегі зақымданған барлық инфрақұрылымды қалпына келтіруге шамамен 4,74 млрд доллар қажет. Бұл қаражаттың шамамен 75 пайызы энергетика, жолдар, тұрғын үй және негізгі коммуналдық нысандарды қоса алғанда, инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалмақ.
Су тасқыны салдарынан 69 шақырым автомобиль жолы зақымданып, 33 автокөлік көпірін су шайып кеткен. Тағы төрт көпір бүлінген. 64 жаяу жүргіншілер көпірінің 53-і зардап шеккен. Көлік инфрақұрылымын қалпына келтірудің өзіне шамамен 480,6 млн доллар қажет.
Катмандуды Непалдың орталық және батыс аймақтарымен байланыстыратын Притхви тасжолында да күрделі жағдай сақталып отыр. Кришнабхир маңындағы жолдың бір бөлігі қирағаннан кейін билік Тришули өзенінің қарсы жағалауында балама жол салуды қолға алды. Зақымданған учаскеде көлік қозғалысы шамамен 300 метрге тоқтаған.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайы да өзекті мәселеге айналды. The Kathmandu Post басылымының хабарлауынша, эвакуациядан кейін олардың көпшілігі гуманитарлық көмек алып, уақытша орталықтарға орналасуда және қажетті жүріп-тұру құралдарына қол жеткізуде қиындықтарға тап болып отыр. Непалдың Мүмкіндігі шектеулі адамдар ұлттық федерациясының мәліметінше, 11 қыркүйекке дейін 59 адамның басқа жерге көшірілгені расталған, 14 адам хабар-ошарсыз кеткен, ал алты адам қаза тапқан.
Бұған дейін Непалды су тасқынынан кейін қалпына келтіруге 4-5 млрд доллар қажет болуы мүмкін деген болжам жасалған еді. Кейін үкімет жүргізген жедел бағалау қажетті қаржы көлемін шамамен 4,74 млрд доллар деп анықтады. Алайда Дүниежүзілік банк пен басқа сарапшылардың қатысуымен жүргізілетін егжей-тегжейлі бағалаудан кейін бұл сома өзгеруі мүмкін.
Бұған дейін Kazinform Непалдағы су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 1300 адамнан асқанын және елде ұлттық аза тұту күні жарияланғанын хабарлаған болатын.