Несіп Жүнісбаевтың жаңа кітабы 7,5 мың дана таралыммен жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында қазіргі қазақ спорт журналистикасының белді қайраткері Несіп Жүнісбаевтың ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына арналған «Золотой олимпийский маршрут» атты жаңа кітабы жарық көрді.
Қазақ спорт журналистикасының қорына қосылған сүбелі кітап 358 беттен тұрады. 7,5 мың дана таралыммен басылып шыққан кітап мазмұнына мыңнан аса түрлі-түсті фотосурет енгізілген.
Лондон олимпиадасындағы ерен жетістігімізді қайта бір еске түсіретін бұл кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Алматыда 12 наурыз күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, ал Астанада 17 наурыз күні «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.
Бұл Несіп Жүнісбаевтың алғашқы еңбегі емес. Оның спорт тақырыбына арналған оннан астам кітабы жарық көрген. «Үшінші раунд» (1980), «Ауылдан шыққан алыптар» (1986), «Мексикадағы футбол тойы» (1988), «Футболмен тыныстаған Испания» (1989), «Олимпийский маршрут» (1999, 2002) кітаптары жарық көрген.
Н. Жүнісбаев - Қазақстандағы «Намыс» тұңғыш ұлттық футбол клубын ұйымдастырушы. Әлем спорт журналистері қауымдастығының мүшесі жане Азия спорт журналистер одағы атқару комитетінің мүшесі. Орыс тілінде жазылған «Олимиийский маршрут: Барселона - 92, Атланта - 96, Нагано - 98» атты кітабы үшін 2000 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатын алды.
«Жалын» баспасы ұйымдастырған «Әкемнің қамшысы» (2002), «Намыс жыртар ұл қайда?» (2003) атты ой толғамдары жарық көрген.
Несіп Жүнісбаев 1950 жылы 10 желтоқсанда Талдықорған облысы Қаратал ауданы Көпбірлік ауылында дүниеге келген. Журналист, жазушы, тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шебері (1987), жоғары дәрежелі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1998). ҚазМУ-ды (1975), Қазақ дене тәрбиесі институтын (1995, қазіргі Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясы) бітірген. 1975-1991 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.. 1991-2013 жылдары «SPORT&ks» газетінің бас редакторы болып қызмет етті.
Жүнісбаев Несіп Қазақстанның тоғызқұмалақтан өткен тұңғыш спартакиадасының чемпионы (1984). Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының тұңғыш президенті.