Нетаньяху Иран билігін құлатуды Израильдің басты міндеті деп атады

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ирандағы қазіргі билікті құлатуды елінің алдағы кезеңдегі басты міндеті деп атады, деп хабарлайды Anadolu.

Нетаньяху
Фото: Анадолу

Израиль премьер-министрінің кеңсесі таратқан мәліметке сәйкес, Нетаньяху Тель-Авивтегі «Кирия» Қорғаныс министрлігі кешенінде қорғаныс министрі Исраэль Кац, Бас штаб бастығы Эяль Замир және басқа да әскери қолбасшылармен кездесті.

Кездесу барысында Израиль премьер-министрі елінің «Ираннан төнетін қауіпті» кейін шегіндіре алғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, Тегеран билігінің позициясы әлсіреген.

– Алдымызда тұрған басты міндет – Иран режимін құлату. Бұл мәселеде өз мүмкіндіктерімізге сенімдіміз. Бұл Израиль үшін негізгі міндеттердің бірі және оны жүзеге асыруға болады. Тіпті оған жақын болашақта қол жеткізу мүмкін деп есептейміз, – деді Биньямин Нетаньяху.

Ол сондай-ақ Иранның Израиль тарапынан жауап соққысы болуы мүмкін деген қауіпке байланысты шабуыл жасаудан тартынып отырғанын алға тартты.

Anadolu мәліметінше, бұл мәлімдеме Израильде 27 қазанға белгіленген сайлау қарсаңында жасалды.

Қоғамдық пікір сауалнамалары бұрынғы Бас штаб бастығы Гади Айзенкоттың «Яшар» партиясы сайлауалды бәсекеде алда келе жатқанын көрсетіп отыр.

Басылым Нетаньяхудың рейтингі төмендеген тұста оның сыртқы саясатқа қатысты риторикасы мен басқа мемлекеттерге бағытталған мәлімдемелері күшейгенін атап өтті.

Айта кетейік, Израиль Иран шабуыл жасаған жағдайда қатаң жауап беретінін мәлімдеген болатын.