Нетаньяху: Израиль жалаң қолмен де соғысуға дайын

беньямин
Фото: Wikipedia

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Израильге егер Рафахта үлкен операция бастаса, оқ-дәрі жеткізуді тоқтатамыз деп қорқытқаннан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль тіпті жалаң қолмен де (Нетаньяху «тырнақпен» деді) соғысуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.

«Егер жалғыз күресу керек болса, біз жалғыз күресеміз. Мен бұған дейін де айттым, егер қажет болса, біз тырнақпен де күресеміз... Бірақ бізде тырнақтан да көп нәрсе бар және біз табандылығымыз және Құдайдың көмегімен  жеңеміз», - деді Нетаньяху бейсенбі күні бейнеүндеуінде.

АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбі күні теледидарға берген сұхбатында АҚШ Рафахта палестиналық бейбіт тұрғындар арасында көптеген шығынға ұшыраған операцияны бастаса, Израильге қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізуді тоқтататынын айтты.

Бұған дейін АҚШ ескерту ретінде Израильге әуе бомбаларының тағы бір партиясын жеткізуден бас тартқан болатын.

Нетаньяху бұл туралы бейнеүндеуінде тікелей айтқан жоқ, бірақ оның сөйлеген сөзінің мазмұны американдықтарға жауап болғаны анық.

Ол өз сөзінде 1948 жылғы соғысты еске алды.

«Бұдан 76 жыл бұрын тәуелсіздік үшін соғыста біздер аз, жау көп еді. Бізде қару болған жоқ. Израиль қару эмбаргосының астында болды. Бірақ арамыздағы орасан зор қайраттың, қаһармандық пен бірліктің арқасында біз жеңіске жеттік», - деді премьер.

БҰҰ шенеуніктері бейсенбі күні Израиль бейбіт тұрғындарға Рафахты эвакуациялауға бұйрық берген дүйсенбіден бері 80 мыңнан астам адам қашып кеткенін хабарлады.

Израиль ұшақтары апта бойы Рафахқа нысаналы соққылар жасап жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ Президенті Джо Байден егер Израиль Рафах қаласында шабуыл жасайтын болса, оларға снаряд пен оқ-дәрі беру тоқтатылатынын мәлім еткен еді.  

Соңғы жаңалықтар