Netflix-тен тарихи сериалдарға дейін: Домбыраның үні жаһандық экрандарға жол тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде Ұлттық домбыра күні 5 шілде атап өтіледі. Дәстүр бойынша бұл мереке шілде айының алғашқы жексенбісіне белгіленген. Оның басты мақсаты — қазақ халқының төл мәдениетінің басты нышаны саналатын қос ішекті көне музыкалық аспапты дәріптеу. Соңғы жылдары домбыраның үні әлемдік кино мен сериалдарда да жиі естіліп жүр. Осыған орай Kazinform тілшісі домбыраның үні шырқалған фильмдер мен телехикаяларға шолу жасады.
Ауатар: Аанг туралы аңыз
Домбыра үні естілген соңғы жобалардың бірі — Netflix платформасындағы «Ауатар: Аанг жайлы аңыз сериалы». Жобаның екінші маусымының музыкалық сүйемелдеуіне қазақстандық композитор әрі музыкант Дана Зұлпыхар қатысып, домбыра мен қобыз партияларын орындаған. Бұл аспаптардың күмбірлеген дыбысы сериалдың саундтрегіне енгізіліп, оны жапониялық композитор Такэси Фурукава жазған.
Сондай-ақ Avatar сериалының екінші маусымында музыкалық сүйемелдеуді жасаған авторлар Орталық Азияның дәстүрлі әуендеріне ерекше назар аударған. What’s on Netflix басылымына берген сұхбатында композитор Такэси Фурукава шығармашылық топ Ұлы Жібек жолы өңірінен, соның ішінде Қазақстан мәдениетінен шабыт алғанын айтқан. Оның айтуынша, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын батыстық симфониялық оркестрдің орындау мәнерімен үйлесімді ұштастырған.
Осман империясының құрылуы
Қазақтың ұлттық аспаптарын түріктің тарихи «Осман империясының құрылуы» сериалында да байқай аламыз. Жобаға Жаңақорғаннан шыққан қобызшы Ержан Арқабай мен домбырашы Арсланбек Сұлтанбеков қатысқан. Музыканттарды түсірілімге Bozdağ Film компаниясы арнайы шақырған. Сериалда олар Осман бектің ұлықтау рәсіміне келген жыраулардың рөлін сомдайды.
Ержан Арқабайдың айтуынша, сериалда Арсланбек Сұлтанбековтің «Қосай» шығармасының негізінде жазылған Osman Bey композициясы орындалған. Ән домбыра мен ұрмалы аспаптардың сүйемелдеуімен шырқалады. Домбыра мен қобыздың үндестігі тарихи көріністің ажарын ашып, сериалда кеңінен көрініс тапқан түркі халықтарына ортақ рухани сабақтастықты да айшықтай түскен.
«Бүркітші қыз»
Қазақ мәдениетіне қатысты әлемге танылған тағы бір туынды — «Бүркітші қыз» деректі фильмі. Америкалық режиссер Отто Белл түсірген фильм 2016 жылы жарық көрді. Картина Моңғолияда тұратын этникалық қазақ, небәрі 13 жастағы Айшолпан Нұрғайыпқызының бүркітші болып, ата-баба дәстүрін жалғастыруға бел буған өмір жолын баяндайды.
Фильмді әйгілі актриса Дейзи Ридли дыбыстаған. Туындыда көрермен жас кейіпкердің тағдыры мен Алтай тауларын мекендеген қазақ көшпенділерінің тұрмыс-тіршілігімен танысады. Онда ұлттық музыка, дәстүрлі киім, қазақ тілі мен салт-дәстүр дала мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде кеңінен көрсетілген. Кейін қазақстандық деректі фильм режиссері Қанат Бейсекеев те «Көшпенділер» жобасы аясында Айшолпан туралы жеке фильм түсірді.
«Бүркітші қыз» фильмі тікелей домбыра жайлы болмаса да, қазақтың ұлттық болмысы, дәстүрі мен кең даласының келбетін әлемдік деңгейде таныстырылған жарқын туындылардың бірі.
«Қыз Жібек»
Домбыраның қазақ киносындағы орны ерекше. 1970 жылы жарық көрген аңызға айналған «Қыз Жібек» фильмінде ұлттық музыканың үні Төлеген мен Жібектің махаббат хикаясымен астасып жатыр.
Фильмнің музыкасын композитор, дирижер әрі домбырашы Нұрғиса Тілендиев жазған. Картинада Құрманғазы мен Түркештің күйлері, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің төл шығармалары пайдаланылған.
Фильмнің алғашқы көріністерінен-ақ қайғылы оқиғаның лебі сезіледі. Дала көрінісі, аққулар, шаңырақ пен қираған ауыл бейнеленген прологта домбыраның қоңыр үні мен туған жер туралы ән қатар естіледі. Жалпы туындыда музыка жыраулар өнерімен, салт-дәстүрлермен, айтыспен және көшпелі өмір салтымен өзара сабақтасып, фильмнің көркемдік өзегіне айналған.
«Домбыра»
«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Домбыра» қысқаметражды фильмінде ұлттық аспап оқиғаның негізгі өзегіне айналады.
Режиссер Рамазан Халиолланың туындысы домбыра тартатын, үлкен сахнаға шығып өнер көрсетуді армандайтын жас баланың оқиғасын баяндайды.
Фильм халықаралық фестивальдерде де жоғары бағаланды. 2019 жылы Үндістанда өткен Delhi Shorts International Film Festival кинофестивалінде «Үздік фильм» аталымын жеңіп алса, 2020 жылы Испаниядағы Short of the Year фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
«Жау жүрек мың бала»
Режиссер Ақан Сатаевтың 2012 жылы жарық көрген «Жау жүрек мың бала» фильмі XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірін суреттейді. Бұл — жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ел бірлігі мен ерліктің азаттық жолындағы басты күшке айналған уақыт.
Фильмнің басты кейіпкері Сартай және оның қатарындағы қазақ жастары туған жерін қорғау үшін атқа қонады. Осылайша туынды жас батырлардың есейіп, ел тағдырына жауапкершілікпен қарауын көрсететін тарихи эпос ретінде де көрерменге жол тартты.
Фильмді «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Музыкалық сүйемелдеудің авторы — композитор Ренат Ғайсин. Ауқымды шайқас көріністері, сайын дала пейзаждары, ұлттық киімдері, ұлттық аспаптардың үндесуі фильмнің ұлттық болмысын аша түседі.
Түсірілім 90 күнге созылған. Фильм Қапшағай маңында, Шарын шатқалында, Қапал-Арасанда, Тамғалы таста және Үлкен Алматы көлінің маңында түсірілген. Ал Аңырақай шайқасы бейнеленген ең көлемді эпизод тоғыз күн бойы алты камераның көмегімен таспаға түсіріліп, оған мыңға жуық каскадер қатысқан.
«Тамыз»
2025 жылы қазақы әуенді тыңшылық оқиғасына құрылған «Тамыз» фильмінен де естуге болады. Бұл туынды жазушы Владимир Богомоловтың «1944 жылдың тамызында» («Ақиқат сәті») романының желісі бойынша түсірілген.
Оқиға 1944 жылдың тамыз айында, Кеңес әскері азат еткеннен кейінгі Батыс Беларусь ормандарында өрбиді. Фильмнің негізгі желісі майдан шебінің арғы жағынан шифрланған радиохабар жіберіп отырған жау барлау тобын анықтап, қолға түсіруге тапсырма алған СМЕРШ қарсы барлау қызметінің арнайы жасағының төңірегінде өрбиді.
Фильмнің саундтрегі үшін башқұрттың AY YOLA тобы «Агата Кристи» рок тобының Black Moon әнін жаңа өңдеуде орындаған. Музыканттар композицияға қурай, қобыз, домбыраның үні, көмеймен айту элементтері мен дәстүрлі вокалды қосып, этникалық бояуын күшейткен.
Plectra Series 3: Kazakh Dombra виртуалды музыкалық аспабы
Америкалық Impact Soundworks компаниясы Plectra Series 3: Kazakh Dombra атты виртуалды музыкалық аспапты ұсынды. Ол цифрлық музыкамен айналысатын композиторлар мен саунд-дизайнерлерге арналған.
Жобаны әзірлеушілер бұл өнімді үні жарқын, қағысы анық естілетін Қазақстанның көне пернелі ішекті аспабының дәлме-дәл цифрлық үлгісі ретінде сипаттайды. Виртуалды кітапхана музыканттарға домбыраның табиғи тембрін цифрлық музыка жасауда кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Оны жеке аспап ретінде де, ансамбль құрамында да, сондай-ақ фильмдер мен бейнеойындарға арналған музыкаларда да қолдануға болады.
Айта кетейік, бұған дейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың домбыраның қазақ халқы үшін қасиетті ұлттық мұра екенін айтып, оның Қазақстанды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы тиіс екенін атап өткенін болатын.
Мақаланың түпнұсқасын осы жерден оқи аласыз.