«Невада-Семей» қозғалысының «мирасқоры» Астанада халықаралық конгресс өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазіргі экологиялық ахуал: әлемдік үрдістер мен ұлттық ерекшеліктер» тақырыбында халықаралық экологиялық конгресс өтті.
Шараның ұйымдастырушысы - «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конгреске қатысушылар климаттың өзгеруі мәселесінен бастап ауыл шаруашылығында пестицидтер мен гербицидтерді қолдануға дейінгі сан алуан экологиялық мәселелерді талқыға салды. Сондай-ақ Семей полигонының зардаптарын тағы бір мәрте еске алып, оның мутациялық әсері әлі де толастамай жатқанын жеткізді. Ал, ең бастысы, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударды. Әсіресе, отбасыдан бастап балалардың экологиялық сана-сезімін қалыптастырған аса маңызды. Себеб уақыт өте келе, ол халықтың экологиялық мәдениетіне негіз болады.
«Бүгінгі конгресс - ол қазіргі заманның талабы. Өйткені әлемдік ауқымда қарайтын болсақ, экологиялық мәселелер күннен-күнге көбейіп келеді. Біріншіден, климат өзгеріп жатыр. Екіншіден, адамдардың денсаулығы нашарлап келеді. Соның барлығы табиғатты қорғауға тікелей байланысты. Осыған орай біз Қазақстандағы эколог ғалымдардың басын қосып, осы саладағы өзекті деген мәселелерін талқылап отырмыз. Негізгі мақсатымыз - нақты проблемаларды анықтап, соны шешу жолдарын ұсыну. Сосын әлемдік жағдайда қандай экологиялық ахуалдар бар? Солармен қалай күресіп жатыр? Осы үдеріске біз қалай қосыла аламыз? Олармен бірге қалай жұмыс істейміз? Міне, сол үшін біз бүгінгі конгресті ұйымдастырдық», - дейді «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртаев.
Оның айтуынша, альянс бүгінгі конгресс арқылы экология мәселесіне тағы бір мәрте баса назар аударып, осы саладағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына жаңаша серпін беруді көздейді. Сондай-ақ ұйым басшысы келесі 2018 жылды экология жылы деп жариялауды ұсынды.
Айта кетейік, конгреске қатысушылар «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы бұрынғы «Невада-Семей» қозғалысының ісін жалғастырып, экология мәселелерін жеріне жеткізе алады» деген ниетін де жеткізді. Ал шараны ашқан «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қазақ халқы үшін экологиялық проблемалардың зардабын қарапайым әрі ұрымтал бір мысалмен көрсетті. Сондай-ақ, жазушы әрбір қазақстандықты бір тал ағаш отырғызып, экологияға өз үлесін қосуға үндеді.


