NewBorn-түсірілім: Сәбилерді суретке түсіру өнері қалай дамып келеді?

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Елімізде отбасылық фототүсірілімнің жаңа бағыты - NewBorn-фото енді-енді дамып келеді. Аталған фотоөнердің қыр-сыры туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі  қостанайлық фотосуретші Диана Тағаевадан сұрап көрді.
None
None

NewBorn - жаңа туған нәрестелерді фотоға түсіру өнері. Бұл бағыт Қазақстанда әлі даму үстінде. Жаңа ғасыр басында NewBorn-фотоға қарсылық танытқандар көп болды.  Мұны халықтың діни көзқарастары және ділімен байланыстырды.  Ал, шетелде мұндай фотосессия жасау үйреншікті жұмысқа айналған. Қазір елімізде түсірілімнің бұл түрін қолдаушылар саны артқан. Осы бағытта жұмыс істейтін фотосуретшілер де қатарға қосылды.

- NewBorn-фото бағытына қалай келдіңіз?

- Мен бірінші қызымды 2014 жылы дүниеге әкелдім. Барлық жас отбасылар сияқты мен де өз сәбиімнің қылықтарын таспаға түсіріп алуды ұнататынмын. Кейін мұным қызығушылыққа айналып, хоббиға ұласты. Міне, 2015 жылдан бастап бұл фотоөнермен тұрақты айналысып келемін. Фотосуретшілердің арнайы курсынан өттім. Біраз уақыттан соң фотоәрлеуші сыныбын аяқтадым. Сол жылы ТМД елдеріне танымал newborn-фотосуретшіден дәріс алдым. Осыдан кейін өз өмірімді NewBorn-фото бағытына арнадым десем қателеспеймін.

- Алғашқы фототүсірілім қалай өтті?

- Фототүсірілімді енді бастап жүргендер үшін бірінші сынақтың қобалжулы болатыны анық. Сәби өзін қалай ұстайды? Анасы қалай қабылдайды? Міне, жұмыстың сапалы нәтижесі осыларға байланысты. Әуелі өз туыстарымды түсіріп көрдім. Менің бірінші кейіпкерім өзімнің жиенім болды. Түсірілім сәтті өтті деп ойлаймын.

- Сәбилермен жұмыс істеу қаншалықты қиын?

- Меніңше, NewBorn - фототүсірілімнің ең қиын түрі. Біріншіден, сәбидің көңілін өзіңе қаратуың керек. Оның қауіпсіздігі үнемі назарда болады. Екіншіден, сенің жұмысыңды сәбидің ата-анасы қадағалап тұрады. Сондықтан фотосуретші сәбидің ғана емес, ана жүрегіне де жол таба білуі тиіс.  Көбі менен бұл бағытты неліктен таңдағынымды сұрайды. Фотография - бұл өнер, ал сәбилерді фотоға түсіру - өнердің биік шыңы. Себебі, мұндай фототүсірілім бір-ақ рет жасалып, мәңгілік естелік ретінде сақталады.

- Кішкентай модельдерді қай жасынан бастап фотоға түсірген дұрыс?

- Мұндай түсірілім сәбиге екі апта толғаннан басталады. Өйткені, бұл аралықта нәрестенің кіндігі ажырайды. Осыдан соң баланың әр түрлі қалыптағы сәттерін объективпен «ұстап алуға» болады. Әуесқой фотодан гөрі, көркем фототүсірілім жасауға мүмкіндік аласың.  

- NewBorn-фотоға дайындалу үшін жас ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

-  Жалпы, қостанайлық қауым мұндай фототүсірілімді әлі толықтай қабылдаған жоқ. Көбісі сәбилеріне 40 күн толмағанша кәсіби фотоға түсіртпейді. Бірақ,  соңғы жылдары NewBorn-фото бағытын қолдаушылар көбейіп келеді. Фотосуретші әріптестерімізбен түсірілім үшін бірге тұрақты бағаны белгіледік. Қостанайда 5000 теңгеге NewBorn-фото жасауға болады. Кей ата-аналардың заманауи көзқарастары қуантады. Баланың кішкентай кезіндегі қылықтарын есте қалдыру үшін де NewBorn-фото бағытын таңдадық. Бізді қолдайтындарға алғысымыз шексіз.

Соңғы жаңалықтар