Нгуен ныспысын еншілегендер - Вьетнам халқының 40 пайызы

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Дүние жүзі бойынша ең көп саналатын қытайлық Ли фамилиясы бар адамдар саны 100 миллионнан мол асады.

Нгуен ныспысын еншілегендер - Вьетнам халқының 40 пайызы

Ли ныспысындағылар Қытай халқының 7,9 пайызын құрайды. Екінші орындағы Чжан ныс­пысындағылар 1990 жылдары ең көп таралған фамилия саналып Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Бұл фамилияның 4 мың жылдық тарихы бар. «Монарх», «король» мағынасын білдіретін Ван фамилиясын иеленгендер саны 93 миллион адам. Сондай-ақ Ван ныспысындағылар Кореяда, Вьетнам және Жапонияда кездеседі. Қарасы 36 миллионнан асатын Нгуен фамилиясын еншілегендер Вьетнам жұртының 40 пайызына жеткен. Одан кейінгі тұғырдағы Гарсия ныспысы Солтүстік және Оңтүстік Америка, Филиппин, Испанияда 10 миллионнан астам адамды құрайды. Испан халқының 3,3 пайызы осы Гарсиялар. Одан кейінгі орындағы 10 миллиондық Гонсалестер Испания, Аргентина, Чили, Венесуэла және Парагвай көп таралған ныспы болып саналады. Мексика, АҚШ, Чили, Испания, Кубадағы Эрнандестер қарасы 8 миллион екен. Қарасы 4 миллионнан асып жығылатын Смит фамилиясы бар адамдар Ұлы­британия, Австралия, АҚШ, Канада, Ирландияда тұрады. Қара ормандай орыстың ішіндегі ең көп фамилия Иванов емес, Смирнов екен. Ресейден 2,5 миллион Смирновты табасыз. Германия, Швейцария мен Австрияда тұратын Мюллерлер саны миллионнан кем емес, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.