Ницца қаласында тұрып жатқан қазақстандық спортшылар дін аман
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Ницца қаласындағы шабуылдан қазақстандық спортшылар ешқандай зардап шеккен жоқ. Олар дін аман. Бұл туралы танымал спорт журналисі Дина Тұрарқызы өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында жазды.
Онда: «Таң ата әлеуметтік желіден Францияның Ницца қаласында террорлық акт болғанын естіп, осы қалада тұратын досым, Астана велокомандасының бұрынғы шабандозы Сергей Яковлевке xабарластым. Қазақстандық велошабандоздар мен команданың қазақстандық қызметкерлерінің басым бөлігі осы қалада отбасымен бірге тұрады. Сергей жерлестеріміздің аман екенін айтты. Мерекелік шараларды тамашалап, оқиға болардан сәл бұрын үйлеріне қайтып кеткен», деп жазылған жеке парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, шілденің 14-і күні Ницца жағалауында Бастилия қамалын алу күнін тойлау барысында жүк көлігі адамдарды басып-жаншып, кейін көліктен жиылған жұртқа оқ атқан. Шабуыл салдарынан 84 адам қаза тапты, оның ішінде балалар бар, тағы 18-і ауыр жарақат алды, 100-ден астамы жарақаттанды. Франциялық БАҚ жүк көлігінен 31 жастағы Ницца тұрғынының жеке куәлігін тапқанын, оның Франциямен қатар Тунис азаматы болғанын хабарлады. Полиция жүк көлігінің жүргізушісін атып тастады. Күш құрылымдары оның сыбайластарының болғанын не болмағанын анықтап жатыр.