Ницца қаласындағы терактіні естігенде жүрегіміз ауырды - Нұрбақыт Теңізбаев, Бейжің олимпиадасының жүлдегері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ислам дінін жамылып, бейкүнә жандарды өлтіргендер екі дүниеде де оңбайды. Бұл туралы грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев мәлім етті.
«Ницца қаласындағы терактіні естігенде жүрегіміз ауырды. Мейлі қай елде, қай жерде болса да біреудің қанын жазықсыз төккендер екі дүниеде де оңбайды. «Құранда себепсіз бір адамды өлтірсең, күнәсі бүкіл әлемдегі адамды өлтіргенмен бірдей, бір адамды өлімнен аман алып қалсаң, оның сауабы бүкіл адамды құтқарғанмен бірдей» деп жазылған. Қазір ислам дінін жамылып, бейкүнә жандарды қыру, өлтіру ол - ислам дініне кір келтіру. Ислам діні - бейбітшілікке, достыққа, тазалыққа шақыратын ең керемет дін. Сондықтан дінді жамылып, бассыздыққа бармау керек. Ниццадағы зардап шеккен бейкүнә жандарға қайғырып көңіл айтамын», - деді олимпиада жүлдегері.
Еске сала кетейік, шілденің 14-і күні Ницца жағалауында Бастилия қамалын алу күнін тойлау барысында жүк көлігі адамдарды басып-жаншып, кейін көліктен жиылған жұртқа оқ атқан. Шабуыл салдарынан 84 адам қаза тапты, оның ішінде балалар бар, тағы 18-і ауыр жарақат алды, 100-ден астамы жаралы. Франциялық БАҚ жүк көлігінен 31 жастағы Ницца тұрғынының жеке куәлігін тапқанын, оның Франциямен қатар, Тунис азаматы болғанын хабарлады. Полиция жүк көлігінің жүргізушісін атып тастады. Күш құрылымдары оның сыбайластарын анықтап жатыр.