Нидерланд тропикалық ормандарды қорғауға 500 млн доллар бөледі

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерланд үкіметі алдағы он жыл ішінде тропикалық ормандарды қорғауға бағытталған халықаралық қорға 500 миллион долларға дейін қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Report агенттігіне сілтеме жасаған Report хабарлады.

Нидерланд тропикалық ормандарды қорғауға 500 млн доллар бөледі
Фото: Report

Бөлінетін қаражат Tropical Forest Forever Facility деп аталатын жаңа мемлекеттік-жекеменшік инвестициялық қор құруға жұмсалады. Қордың негізгі мақсаты — елдерді тропикалық ормандарды сақтауға қаржылай үлес қосуға ынталандыру.

Қордың жалпы капиталын 125 миллиард долларға дейін жеткізу көзделген. Оның шамамен 100 миллиард доллары жеке сектор инвестициялары есебінен қалыптасады. Қордың таза табысы ормандарды сақтауға белсенді үлес қосып отырған елдерді жүйелі түрде ынталандыруға бағытталады.

Алдын ала есеп бойынша, орманды сақтап қалған елдерге әр гектар үшін жылына шамамен 4 доллар көлемінде төлем жасалуы мүмкін. Ормандардың жай-күйі спутниктік суреттер арқылы бақыланады.

Нидерланд үкіметінің мәліметінше, қор 900 миллион гектарға дейінгі тропикалық орманды сақтап қалуға ықпал етуді көздейді.

Нидерланд бұған дейін қорды қолдауға уәде берген Бразилия, Индонезия, Ұлыбритания, Норвегия, Франция және Германия кіретін елдер коалициясына қосылғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Нидерландыда құрғақшылыққа байланысты су тапшылығы режимі енгізілгенін жазған болатынбыз.