Нидерландта ереуілге шыққандар елдің негізгі тасжолдарының бірін жауып тастамақ болды
Климаттың өзгеруімен күрес белсенділерінің көбі сенбі күні A12 тас жолының екі жағын да жауып тастамақ болғаннан кейін тұтқындалды. Белсенділер мұнай мен газ сияқты қазба отындарына бөлетін үкіметтің субсидияларына наразылық білдірді.
Extinction Rebellion белсенділері полицияның ескертуіне қарамастан, тас жолға шыққан. Наразы топ министрліктер ғимаратының маңындағы қала ішіндегі жолды жаппақ болды.
Ереуілге қатысушылардың бірі ұстаған баннерде «Салық төлеушілердің 17,5 млрд еуро қаржысы қазба отынға кететіні» жазылған. «Бұл – тығырық» делінген климаттың өзгеруімен күрес белсенділерінің тағы бір плакатында.
Ереуілшілердің кейбірі өздерін шынжырмен кісендеп қойған. Полиция белсенділерді тарату үшін арнайы құралдарды пайдаланды.
Полиция 12:45 шамасында оларды таратуға кірісіп, аймақты босатпаса тұтқындалатындарын ескертті. Сағат 14:00-ге қарай ондаған адам ұсталып, автобусқа отырғызылды.
Басқа ондаған саяси топ өкілдері де наразылық шарасына қатысып, осы арқылы Нидерландта ереуілге қатысу құқы шектелетініне қарсылық танытқысы келгенін жеткізді.
Жол күндізгі 4-тер шамасында тазартылды. Осы уақытта полиция бағандарға шығып алған соңғы белсенділерді ұстап әкетті.
Кешке қарай полиция 200 адамның қамауға алынғанын хабарлады. Бірақ наразылық шарасын ұйымдастырған Extinction Rebellion ұйымы 500-ге жуық адамның ұсталғанын айтты.