Нидерландта Қазақстанның инвестициялық әлеуеті ұсынылды

Нидерландтағы Қазақстанның Елшісі Мағжан Ілиясов іс-шара қатысушыларына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының мәтіні туралы хабардар етті, сонымен қатар Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне мультимедиялық шолу жасап, Нидерландпен іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін көрсетті.
Дипломат голландтық бизнесмендерді 2017 ж. маусым айында «ЭКСПО-2017» көрмесінде Нидерланд күні шеңберінде өткізілуі жоспарланып отырған Қазақстан-Нидерланд Іскерлік кеңесінің үшінші отырысына қатысуға шақырды. Астанада өтетін көрмеге қатысу баламалы энергетика және энергия үнемдеу, су ресурстарын басқару, логистика және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы қарым-қатынастарды дамытуға серпін береді, деп атап өтті елші.
«Kazakh Invest» АҚ-ның Еуропалық одақтағы өңірлік директоры Асхат Бейсенбаев айтқан сөзі Қазақстанда бизнес жүргізу жағдайларымен, құқықтық кепілдіктерді құру бойынша Үкімет шараларымен, шетелдік инвесторларға арналған жеңілдіктермен таныстыруға және шетел капиталының қатысуымен кәсіпорындардың белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ Қазақстанның отын-энергетикалық секторын дамытуға бағытталды.
Энергетика, ауыл шаруашылық, көлік, химия өнеркәсібі, ғылым және технология саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін атай отырып, А. Бейсенбаев голланд компанияларын Қазақстанның инфрақұрылымына және индустриялық-инновациялық даму жобаларына белсенді қатысуға шақырды.
Тұсаукесер қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстанға голландтық іскерлік делегациясының сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. ҚР Елшілігі мен «Kazakh Invest» агенттігі қазақстандық экономикаға голландтық инвестицияларды тарту мақсатымен белсенді өзара әрекеттестігін жалғастыруға ниет білдірді.