Нидерландта көрнекті қазақ қайраткерлерінің мұрасы талқыланды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі Qazaq House Нидерланд қорымен бірлесіп, көрнекті қазақ қайраткерлерінің мерейтойларын мерекелеуге арналған онлайн конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нидерландта көрнекті қазақ қайраткерлерінің мұрасы талқыланды

Батыс жұртына «Рухани жаңғыру» аясында Жамбыл Жабаев (175 жас), Мұқағали Мақатаев (90 жас), Әлихан Бөкейханов (155 жас), Ыбырай Алтынсарин (180 жас), Дина Нұрпейісова (160 жас) және Латиф Хамиди (115 жас) сияқты көрнекті қайраткерлердің өмір жолы мен мәдени мұрасы таныстырылды.

Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Асқар Жұмағалиев жиналған қауым алдында қазақтың ұлы ақындары мен саясаткерлерінің, музыканттары мен педагогтарының шығармашылығы, қазақты өркениет көшіне қосудағы сол замандардағы зиялы қауымның рөлі туралы кеңінен әңгімеледі.

«Ең алдымен, вебинарымызға қашықтан қосылған профессор Зифа Әуезоваға қазақтың ұлы қайраткерлері туралы ғылыми мағлұмат бергені үшін алғыс білдіргім келеді. Профессор Зифа Әуезова қазақтың ұлы философы Абай мен атасы Мұхтар Әуезовтің жолын жалғап келе жатыр. Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Qazaq House ұйымына және оның басшысы Дина Махмұтоваға рахмет айтамын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында білімге деген ұмтылыс, патриотизм, еңбексүйгіштік, ынтымақтастық және жауапкершілік сияқты қасиеттерді насихаттау қажеттігіне әрдайым назар аударады. Біз бұл қасиеттерді өмірлері бүгінгі кешке арқау болған адамдардың еңбек жолынан таба аламыз», - деді Асқар Жұмағалиев.

Осыдан кейін қазақ ағартушылары мен ғалымдарының қызметі туралы қызықты ақпарат ұсынып, тұщымды баяндама жасаған Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова сөз алды. Шараға Қазақстандық студенттер, Нидерланд елінде тұратын отандастар , сондай-ақ дипломаттар мен жергілікті ғалымдар, іскер топ өкілдері қатысты.