Нидерландта өзен суы арнасынан асып, халық әбігерге түсіп жатыр

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Нидерландтың шығыс және оңтүстік облыстарында ірі өзендердегі су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Нидерландта өзен суы арнасынан асып, жұрт әбігерге түсіп жатыр
Фото: twitter.com/Elisabeth_Borne

Нидерландтың Инфрақұрылым және су шаруашылығы министрлігіне қарасты «Rijkswaterstaat» агенттігінің хабарлауынша, елдің кейбір аймақтарында су деңгейінің көтерілуі қиындық тудыруы мүмкін.

Осыған байланысты Нидерландтың шығысындағы Девентер муниципалитеті Эйссел өзеніндегі су деңгейі тез көтеріліп кете ме деп алаңдап, дайындалып жатыр.

«Ақырында су деңгейі қатты көтерілгені соншалық, қала орталығын су басып қала ма деген қауіп бар», - деп хабарлады жергілікті БАҚ.

«Бүгін таңертең 6.15-те Девентерде су деңгейі 6.21 метр болды. Бұл Эйссел толып кетеді деп есептелген 6,30 метр деңгейден сәл ғана төмен. Муниципалитет құм салынған қапшықтар арқылы бұл маңызды нүктені сәл жоғарылатты. Бұл Эйсселді ұстап тұру үшін жеткілікті болады деп үміттенеміз», - дейді муниципалитет өкілі.

Өзен суы арнасынан асу салдарынан бірнеше ауданды, жақын маңдағы ауылдарды су басты. Қорықтағы бірнеше жылқыны судан құтқаруға тура келді.

Дрентеде жергілікті су департаментінің қызметкерлері арналар мен арықтардың толып кетуін тоқтату үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.