Нидерландтар 2027 жылы «Евровидениеге» қатысудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтың қоғамдық хабар таратушылар бірлестігі (NPO) 2027 жылы өтетін «Евровидение» байқауына қатысу туралы бұрынғы шешімін өзгертті. Бұған Израильдің байқауға қатысуына байланысты қоғамдағы пікірталастар мен келіспеушіліктер себеп болған, деп хабарлайды Еuronews.

В Нидерландах оштрафовали 10 муниципалитетов за сбор данных о мусульманах
Фото: Anadolu Ajansi

Бұған дейін тамыз айында елдің AVROTROS хабар таратушысы қатысушылар тізімінде Израильдің болуына байланысты байқауға барудан бас тартқан еді.

NPO-ның байқауға қайта қатысу туралы бастамасы ұйым ішінде де сынға ұшырады. Шамамен 400 қызметкер шешімді қайта қарауды талап етіп, ашық хатқа қол қойған. Ақырында NPO бас директоры Йет де Ранитс байқауға қатысуға дайын хабар таратушыны табу мүмкін болмағанын мәлімдеді.

— Бастапқыда байқауға қайта оралуға қолдау жеткілікті деп ойладық. Алайда қазір «Евровидение-2027»-ге қатысуға әлі ерте екені анық байқалады. Қоғамда қызу пікірталас жүріп, көзқарастар бір-біріне қайшы келіп жатқандықтан, әзірге бір қадам шегінуді жөн көрдік, — деді де Ранитс. 

Соған қарамастан, NPO байқауды эфирден көрсету құқығын сақтап қалады.

«Евровидение» директоры Мартин Грин Нидерландтың қатысудан бас тартқанына өкініш білдіргенімен, елдің шешімін құрметтейтінін айтты.

— Қазір байқауға қатысты пікірлер елдердің ішінде де, олардың арасында да екіге жарылғанын түсінеміз. Қоғамдық хабар таратушылар өз аудиториясының пікіріне құлақ асуға міндетті. Сондықтан серіктестеріміздің қоғаммен диалог жүргізе отырып шешім қабылдауы орынды, — деді ол.

Гриннің айтуынша, бірлік рухы байқаудың негізгі мәні болып қала береді. Ұйымдастырушылар Нидерландтың уақыты келгенде байқауға қайта оралатынына үмітті.

Нидерланд — «Евровидение-2027»-ге қатысудан бас тартқан жалғыз ел емес. Бұған дейін Ирландия да байқауға бармайтынын мәлімдеген, ал Испанияның RTVE хабар таратушысының басшылығы бойкот жариялау идеясын ашық қолдаған. Чехия да байқауға қатыспайды, алайда оған басқа себеп — шығындарды қысқарту негіз болған.

Еске салайық, өткен жылы Испания, Нидерланд, Ирландия, Исландия және Словения Газа секторындағы әскери әрекеттерге байланысты ұйымдастырушылар Израильді байқаудан шеттетуден бас тартқан соң, «Евровидениеге» бойкот жариялаған еді. Сол кезде Испанияның RTVE хабар таратушысы байқау басшылығын «саяси қысым» жасады деп сынаса, Ирландияның RTÉ арнасы гуманитарлық дағдарыс жағдайында Израильдің қатысуын «жол беруге болмайтын жағдай» деп атаған. Ал Словенияның RTVSLO арнасы байқау сахнасына шығу бейбітшілік пен теңдік құндылықтарына қайшы келетінін мәлімдеген.

Байқау төңірегіндегі саяси дағдарыс оның танымалдығына да әсер етіп отыр. Өткен жылы «Евровидениені» 131 миллион көрермен тамашалаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 миллионға аз.

2027 жылғы «Евровидение» финалы 15 мамырда Болгарияның Бургас қаласында өтеді. Болгария байқауды өткізу құқығына Венада Дара жеңіске жеткеннен кейін ие болған.