07:58, 13 Қазан 2016 | GMT +5
Нидерланды дені сау адамдарға өз өмірлерін үзуді заңдастырып бермек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нидерланды Үкіметі айықпас сырқатқа шалдыққандарға ғана емес, «өмірлері аяқталғанын» түсінген барлық дені сау адамдарға эвтаназия жасауға рұқсат беруді көздейтін заң жобасын әзірлеу үстінде.

13 қазан күні Reuters агенттігі хабарлағандай, мұндай бастама денсаулық сақтау министрі Эдит Схипперс пен қауіпсіздік және әділеттілік министрі Арта ван дер Стераның хатында айтылған.
Құжат авторларының пайымынша, «қатаң және нақты критерийлерді алға тартқаннан кейін, дүниедегі тіршілігін аяқтау туралы сараланған шешімге келгендерге өздері қалаған әдіспен өмірлерімен қош айтысуға рұқсат берілуі тиіс». Заң жобасын дәрігерлермен және әдеп жөніндегі мамандармен бірлесе 2017 жылдың соңына дейін жіті пысықтау көзделуде.
Reuters-тің атап өтуінше, эвтаназия Голландияда жиі қолданылады. Мәселен, 2015 жылы 5516 адам өз еріктерімен өмірлерін үзген. Бұл аталмыш елдегі барлық өлім-жітімнің 3,9 пайызын құрайды.