Нигер, Мали және Буркина-Фасо конфедерация құрады

Буркина-Фасо
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Нигер, Мали және Буркина-Фасо билігі Сахель мемлекеттері альянсы конфедерациясын құру жоспарының түпкілікті нұсқасын бекітті. Жобаны Нигер астанасы Ниамейде үш елдің сыртқы істер министрлері мақұлдады. Бұл туралы dw.com жазды. 

Кездесуден кейін Нигер Сыртқы істер министрі Бакари Яу Сангаре соңғы мәтін үш мемлекеттің әскери үкімет басшыларының саммитінде қабылданатынын айтты. Сангаре оның өтетін күнін нақтылаған жоқ. Журналистерге келісімнің мазмұны туралы да толық мәлімет берілмеді.

2024 жылдың қаңтарында Нигер мемлекеті Мали және Буркина-Фасомен бірге ЭКОВАС аймақтық альянсы – Батыс Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығы құрамынан шықты. Ондағы басты мақсаты жиһадтық топтарға қарсы күрес арқылы Батыс Африкадағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. 

Осыдан кейін Сахельдің үш елінің билігі АҚШ және Франциямен әскери ынтымақтастықты тоқтататындарын ресми түрде жариялады. Сонымен қатар олардың әскери шығындары бұдан былай бақылауға алынбайтын жарлық шығарды. Жауап ретінде ЭКОВАС Мали мен Нигерге сол елдердегі демократиялық жолмен сайланған үкіметтерді құлатқан әскери төңкерістерге қатысты санкциялар салды. 

2023 жылдың қыркүйегінде Мали, Буркина-Фасо және Нигер басшылары Сахель мемлекеттерінің альянсын құру туралы хартияға қол қойды. Оған сәйкес, бір немесе бірнеше қатысушы елдің егемендігіне немесе аумақтық тұтастығына жасалған шабуыл бүкіл блокқа қарсы агрессия ретінде қарастырылады және әскери араласуды талап етеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram