Нигердегі төңкеріс: Франция елден әскерін шығарып жатыр

әскер
Фото: euronews.com

Кеше Францияның Бас штабы Нигерден әскерін шығаруды бастағанын мәлім етті. Француз сарбаздары жергілікті күзетпен бірге бірінші колонна құрамында базасынан кетіп жатыр. Kazinform бұл туралы Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Француз әскерінің алғашқы тобы Нигерден кетті, мұны билік басына келген әскери хунта талап етті.

Қазіргі күнге дейін жиһадшылармен күрес аясында Нигерде 1400 француз сарбазы мен ұшқыш болған. Олар елдің солтүстік-батысындағы екі база – Уаллам мен Табарей-Барейге орналастырылған еді.

Олардың елден кетуін шілде соңында билікті басып алған Нигер генералдары талап етті. 24 қыркүйекте Франция президенті Эммануэль Макрон Париж бен Ниамей арасындағы әскери серіктестік тоқтайтынын, біртіндеп контингент шығарылатынын мәлімдеді.

AFP-дің хабарлауынша, сейсенбі күні түсте Уалламнан Ниамейге сарбаздар тізбегі, бронетехника мен құрал-жабдық тиелген жүк көліктері келді.

Режим өкілдері Ниамей әуежайында «үш арнайы рейс» тіркелгенін, оның екеуі «арнайы мақсаттағы бөлімшенің 97 сарбазына», біреуі «материалдық-техникалық жабдықтарға» арналғанын мәлім етті.

Кейінгі он жылда Нигерге жиһадшылармен күресу үшін ұлттық әскермен бірге 1400 француз сарбазы мен ұшқыш жіберілді. Оның мыңға жуығы Ниамейде болса, төрт жүзі елдің батысындағы «үш шекара» аймағына орналасқан болатын.

Соңғы жаңалықтар