Нигерия президенті АҚШ-ты дін бойынша дәлелсіз қысым жасады деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Нигерия президенті Бола Ахмед Тинубу АҚШ-тың оның елін «дін бостандығы бойынша ерекше алаңдаушылық тудыратын елдер» тізіміне енгізу туралы шешімін сынға алды, деп хабарлайды Анадолу.

Нигерия президенті
Фото: Анадолу

Америкалық Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған жазбасында Тинубу Нигерияда дін бойынша кез келген қудалауға жол берілмейтінін атап өтті.

«Нигерия — дін бостандығына конституциялық кепілдік беретін демократиялық мемлекет. 2023 жылдан бері үкіметіміз христиан және мұсылман қауымдастықтары басшыларымен ашық әрі конструктивті диалог жүргізіп келеді, қауіпсіздік мәселелерін дінге немесе аймаққа бөле-жара қарамай шешіп отыр», — деді ол АҚШ президенті Дональд Трамптың нигериялық христиандар «өмірлік қауіп жағдайында тұр» деген мәлімдемесіне түсініктеме ретінде.

Тинубу Ақ үй басшысының бағасын «шындыққа жанаспайды» деп атап, оның биліктің барлық азамат үшін діни сенім бостандығын қорғау жолындағы шынайы күш-жігерін елемей отырғанын айтты.

«Дін бостандығы мен төзімділік — Нигериялық ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі. Біз діндік қысым көрсетудің кез келген түрін қабылдамаймыз және оған жол бермейміз. Ел Конституциясы барлық конфессиялардың құқығын барынша қорғайды», — деді президент.

Мемлекет басшысы Нигерияның діни қауымдастықтарды қорғау мәселесінде АҚШ-пен және халықаралық қауымдастықпен өзара түсіністік пен серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады.

Бұған дейін, 31 қазанда, Дональд Трамп Truth Social платформасындағы жазбасында Нигерияны христиандарды жаппай қыру деректеріне байланысты «ерекше алаңдаушылық тудыратын ел» деп жариялаған. Ал Пентагон Нигериядағы радикалдарға қарсы шара дайындап жатқанын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар