Нигерияда бір аптада қызылша індетінен 42 адам қайтыс болды

Нигерия
Фото: environewsnigeria.com

АСТАНА. KAZINFORM – Бір аптаның ішінде Нигерияның солтүстік-шығысындағы Адамава штатында қызылша індетінен кем дегенде 42 адам қайтыс болды. Бұл туралы  Reuters жазды.

Адамава штатының денсаулық сақтау комиссары Феликс Тангвами қызылша індеті негізінен екі ауданда өршіп, 42 адам қайтыс болғанын айтты.

«Бұл аймақтарға қызылшаға қарсы вакциналар жіберілді. Біздің мамандардан құралған топ жағдайды бақылап жатыр», - деді ол.

Көбі Нигерияның солтүстік штаттарындағы тұрақсыз жағдайды айыптап, вакцинацияға кедергі келтірді деп есептейді.

Қызылша – ауа тамшылары арқылы таралатын және ауыр асқынулар мен өлімге әкелетін өте жұқпалы, вирустық ауру. 2000-2022 жылдар аралығында қызылшаға қарсы вакцинация 57 миллион өлімнің алдын алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, вакцинаның қолжетімділігіне қарамастан, 2022 жылы дүние жүзінде қызылшадан 136 000 өлім-жітім тіркелді. Оның ішінде негізінен вакцинацияланбаған немесе толық екпе алмаған 5 жасқа дейінгі балалар бар.

Соңғы жаңалықтар
telegram