Нигерияда ұрланған оқушы қыздардың қай жерге жасырылғаны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нигерияда ұрланған оқушы қыздардың қайда екені белгілі болды.
Нигерия қорғаныс штабының бастығы Алекс Бадех ұрланған 200-ден астам оқушы қыздардың жасырылған жері анықталғанын мәлім етті, деп жазады РИА Новости.
«Қыздар үшін біздің олардың қай жерде екенін білетініміз жақсы жаңалық, алайда біз сіздерге ол туралы айта алмаймыз», - деді журналистерге Бадех. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Нигерияның әскерилері қыздарды босату үшін күш қолдануға мүдделі емес.
Естеріңізде болса, 15 сәуір күні террористік топ Нигерияның солтүстігінде мектепке шабуыл жасап, жоғары сыныптың қыздарын ұрлап әкеткен болатын. Ел Президенті Гудлак Джонатан әлі күнге дейін оқушылардың қайда екенін білмей отырғанын мойындаған. Ал Нигерия полициясы олардың мекен-жайы туралы кез келген ақпарат үшін 300 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған. Бұған дейін «Боко Харам» тобының радикалды исламистері түрмедегі ұйым мүшелерінің бостандығы үшін ұрланған нигериялық қыздар босатылуы мүмкін екенін мәлім еткен.
Сондай-ақ Нигерияға Ұлыбритания, Франция және Қытай өздерінің көмектерін ұсынған еді. АҚШ осы елге келіссөздер жүргізу үшін әскери қызметшілері мен мамандарын да жіберген.