Никарагуа ЮНЕСКО құрамынан шығып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Никарагуаның ЮНЕСКО-дан шығуына елдегі оппозициялық La Prensa газетіне ЮНЕСКО сыйлығы берілуі түрткі болды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Агенттік мәліметінше, Никарагуа үкіметі ЮНЕСКО-ның шешімін айыптап, оның «отанын сатқандарға, колониализм мен империализмнің құлдары мен жағымпаздарына» басымдық беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ ұйымның «объективтілік сезімінен толық бас тартқанын» атап өтті.
ЮНЕСКО-ның бас директоры Одре Азуле елдің бұл шешіміне «өкінішін» білдіретінін айтып, бұл «Никарагуа халқын білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық артықшылықтарынан айыратынын» алға тартты. Азуленің айтуынша, ұйым сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін қорғау жөніндегі мандатын «толық орындап жатыр».
Төрт жыл бұрын La Prensa басшылығы не қамауға алынды, не Никарагуадан шығарылған еді. Содан бері басылым онлайн форматта жұмыс істеп келеді. Ал оның командасы Коста-Рика, Испания, Мексика, Германия және АҚШ-та орналасқан.
Осыған дейін АҚШ әкімшілігі БҰҰ, ЮНЕСКО және ДДСҰ ұйымдарына жарна төлеуді уақытша тоқтатуды ұсынғанын жазғанбыз.
Бұдан бөлек 2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отырғаны анықталды.