Никита Шаталов: Мемлекет мен қоғамның басты міндеті – Қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеу
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтардағыдай қайғылы оқиғаның Қазақстанда енді мүлдем қайталануына жол бермеу үшін барлық мүмкіндікті жасау қажет. Мұндай пікірді саяси шолушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің қоғамдық палатасы төрағасының орынбасары Никита Шаталов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Президент өртеніп кеткен әкімдікке тақау жерде қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалын ашты. Бұл Қазақстан үшін барынша бейдәстүрлі ескерткіш – келушілер адамдардың бейнелерінің орнына тарихи тұлғалардың – ақындар, жазушылар мен саясаткерлердің ұлағатты сөздері жазылған ақ және қара түсті тастардан тұратын кешенді көреді. Сонымен қатар мемориал 2022 жылдың басында еліміз бастан кешірген сол бір ауыр күндерді еске түсіретіндей, мемлекетіміздің тарихының метафорасындай жасалған», - деді саяси шолушы.

Оның пайымынша, қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы мәні мен мағынасы сол символға айналуы тиіс.
«Қазір ол жердегі ахуал әлі де болса үрейлі. Дегенмен, алаңдағы ғимараттар, оның ішінде әкімдік қалпына келтіріліп, бұрынғы Президент паркінің орнында саябақ пайда болғанда ландшафт түбегейлі безендіріледі. Және де сол уақытқа қарай мемориал орын алған жайтты еске алу, қаза тапқандарды аза тұту немесе керісінше өздері үшін маңызды мәселелерді алаңсыз ойлауына мүмкіндік беретін жерге айналады. Ескерткіштің тек аза тұтатын орын ғана емес, саяси көзқарастарына қарамастан барлығы үшін де маңызды прогреске ұмтылыстың символына айналуы маңызды», - деп санайды Никита Шаталов.

Н.Шаталов бір жылға жуық уақыт өткеннен кейін Қаңтар оқиғасы – бұл ұйымдастырушылардың бейбіт азаматтарды өздерінің арсыз мақсаттарына пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасауға сәтсіз әрекеті болғаны сөзсіз екенін айтады.
«Ашылу салтанатты шарасында Президент бейбіт жиын тасасында мемлекеттік төңкеріс жасауға ниеттілер тұрған арандатушылар мен террористер пайдаланғанын кезекті мәрте атап өтті. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс еңсерілген сәттен бері айтып келеді: қаңтар айының басындағы жиын бейбіт азаматтық наразылық болғанын ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ, оны кейін бүлікшілер және олар ұйымдастырған талқандаушылар тобы мен террористер пайдаланып кетті», - деді ол.

Саяси шолушының айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет пен азаматтық қоғамның басты міндеті – мұндай қайғылы жайттың қайталануына жол бермеу және адамдардың экономикалық жағдайы туралы белгілерді, олардың елдегі саяси және әлеуметтік жағдайға қанағаттанушылық деңгейін өте тыңғылықты ескеру.


