14:50, 14 Қаңтар 2019 | GMT +5
Никол Пашинян Армения премьер-министрі болып тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Армения президенті Армен Саркисян дүйсенбіде, жаңа парламенттің бірінші күнгі отырысында үкімет басшысы міндетін уақытша атқарушы Никол Пашинянді елдің премьер-министрі етіп тағайындады, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.
«Конституцияны басшылыққа ала отырып, Никол Пашинян Армения Республикасының премьер-министрі болып тағайындалсын», - делінген президенттің жарлығында.
Армения конституциясына сәйкес, ел президенті жаңадан сайланған Ұлттық жиналыстың уәкілеттік мерзімі басталғаннан кейін парламентте көпшілік ұсынған үміткерді премьер-министр етіп тағайындайды.
Министрлер кабинеті премьер тағайындалғаннан кейін он бес күн ішінде құрылады. Бұдан кейін үкімет басшысы 20 күннің ішінде Ұлттық жиналысқа министрлер кабинетінің бағдарламасын ұсынуы тиіс.