Николай Дычко: Демалыс күндері міндетті түрде домбыра шертемін

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко домбырада ойнауды қалай меңгергені туралы айтып берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Николай Дычко: Демалыс күндері міндетті түрде домбыра шертемін

 Еске сала кетейік, Ұлттық домбыра күні ақсулық әкім Құрманғазының асыл мұраларының бірі - «Балбырауын» күйін кәсіби домбырашымен бірге орындаған болатын. - Домбыра ойнауды үйреніп алдым деп айту асыра сілтегендік болар, - дейді Николай Дычко. - Бірақ та ұлттық аспапты кеңінен насихаттау  мақсатында мен де өз күшімді сынап көрдім. Бұл алғашқы қадам деп айтсақ болады. Қазақтың ұлттық аспабында ойнау  қызықты әрі адамды баурап алады. Ол үшін уақыт керек.  Сондықтан одан әрі қарай жетілдіру үшін жалғастыруға тырысамын.  Домбыра - қазақтың рухы. Кәсіби дирижер Самал Темірбекованың жетекшілігімен ұлттық аспаптар оркестрі мектеп жасына дейінгі балаларға домбырада ойнауды үйретеді. Алдағы уақытта балалар домбыра оркестрін құру жоспарда бар».

Ақсулық әкім сенбі-жексенбі күндері міндетті түрде және жұмыс күндері екі рет сағат тоғыздан онға дейін  қазақтың қос ішекті аспабында ойнауға уақыт табатынын айтады.

Бұдан басқа, спикер «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикованың көмегімен мемлекеттік тілде диктант жазуды үйреніп жүргеніне біраз уақыт өткенін атап өтті.   -  Бұрында орыс тілінде диктантты нашар жазатынмын, - деп еске алды әкім. - Неге екенін білмеймін, алайда ауыз екі сөйлеуге қарағанда қазақ тілінде диктантты жақсы тапсырамын. Ол жерде баға қойылмады. Қатысушылардың арасында мемлекеттік тілде  үздік жазғандар болды. Мен сол  орташа деңгейде тапсырған тәріздімін".