Nikolya-ның шоколад музейі Астанадағы көрме үшін жаңа экспонаттармен толықты (ФОТО)

Бұл - көне зергерлік бұйымдар, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрып жатқан халықтардың бас киімдері. Олардың барлығы Алматыда қазақстандық шоколадтан жасалған. Түпнұсқалары ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының қорында сақталып отыр.
«Мұражай қызметкерлеріне рахмет! Мен алтын қорлар, жабық бөлмелерге барғанды, елдің ұлттық игіліктерін тамашалағанды ұнатамын. Олардың арқасында Қазақстанның алтын жауһарларының нұсқаларын жасап шықтым», - деді Николай Попов Астанада өткен баспасөз конференциясында.
Бұдан басқа, танымал шоколатье кішкентай астаналықтар үшін кәдесыйлар дайындаудан шеберлік сабағын өткізді.
Атап өтейік, елорда - республикамызда «Nikolya шоколад мұражайы» келіп отырған төртінші қала. Әлемдік тур аясында авторлық көрме төрт елдің 40-тан астам қаласына, соның ішінде Алматы, Шымкент, Атырауға барып, 500 мыңнан астам адамды тартты.
Астанадағы көрме 2016 жылдың 18 наурызы мен 13 сәуір күндері аралығында Тәуелсіздік сарайында өтеді. Экспозицияда арасында жаңа экспонаттар да болатын жалпы салмағы 700 келіні құрайтын 300 туынды ұсынылмақ.