«Ниваның» бағасы Германияда 80-ші жылдары 22 мың дойчмарк, Англияда 1996 жылы 8 мың фунт стерлинг тұрды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеңес одағы кезінде танымал көліктердің шығу тарихы қызықты оқиғаларға толы. Бүгінгі біздің тақырыбымыз «Нива» маркасына арналады. Бұл марканың танымалдығы соншалық, әлемнің барлық елдерін аралап кеткен. Тіпті Гималайға өрмелеп, Антарктиданы шарлаған екен. Оны Кеңес одағы жүздеген елге экспорттаған. «Нива» тіпті арзан әрі жол талғамайтын автокөліктердің отаны саналатын Жапонияға да шығарылғандығы жайында біле бермейміз. Ендеше осы көліктің пайда болуы мен оның ерекшеліктері жайына тоқтала кетсек.
Кеңес заманында ең алғашқы жекеменшік машиналар соғыстан кейін 50-ші жылдары пайда болды. Көлігі барларды «автоәуесқойлар» деп атады. Автожөндеу, қызмет көрсету жүйесі жоқ болғандықтан (бүгінде әр ауладан техникалық қызмет көрсету стансасын кездестіресіз) машина иесі оны жөндеу үшін көп уақыт жұмсайтын. 20-40 мың сом ақшасы жоқтар үшін бұндай «бақытты» жандар машинаны шұқылап жатудан басқа қызық жоқ секілді көрінген шығар.
Жол таңдамайтын көліктер ең алғашында әскерилерге арналған болатын. Оның жайсыздығы, сыртының ұсқынсыздығы белгілі. Қыста брезент тентпен тек жаны сірі әскерилер ғана жүретін. Ол көлік тек тау, таста жүруге арналған. Ал, көпшілік жеңіл көлікпен жүретін. Ол ыңғайлы, жайлы, жылдам әрі сәнді, әдемі болатын.
КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин державаның экономикасы ғана емес машина жасау жөнінде мәселеге жауапты еді. Ол 1970 жылы Тольятти қаласындағы Волга автомобиль зауытына келіп, зауытқа ауылға арналған машина жасауды ұсынды. Өйткені «жигули» қалалықтарға ғана лайықты жасалған. Зауыт төрт дөңгелегі де айналатын машина жасауды қолға алды.
«Ниваның» осы түрі бірден табыла кеткен жоқ. Сол кезде жол таңдамайтын көлік жабық кузовты емес, әскерилердің «уазигі» секілді тенті бар болуы тиіс-ті. Алайда, машинаның нұсқасын дайындаған жас конструктор Петр Прусов пен дизайнер Валерий Семушкин әрі мықты, әрі жайлы жабық машина жасап шықты. Алайда, мемлекеттік техникалық ескі көзқарастың мамандары алдында сыналған «Крокодил» атты ұсқынсыз көлікті таңдамақ болады. Жастарға көмекке зауыттың бас конструкторы Владимир Соловьев келеді. Ол техникалық кеңеске осы нұсқаны таңдауға көндіреді.
Бір қызығы осындай көлік жасап шығару туралы ВАЗ-дан басқа АЗЛК және ИжМаш зауыттарына тапсырма берілген. АЗЛК болса жаңа машина жасап қиналмай, 1959 жылдан бері сынақтан аса алмай қалған рессорлы 410Н моделін ұсынады. Комиссияға олар ұнамайды. ИжМаш Иж-14 жол таңдамайтын көлігін ұсынады. Ол жақсы, әрі сәтті жасалған нұсқа болғанымен, арнайы сынақтан өтіп кемшіліктері жөнделмеген «шикілеу» машина болатын.
Егер арнайы сыналып, кемшіліктері жойылғанда оның жолы болар ма еді? Өкініштісі, кеңес заманында одан да жақсы машиналардың жобаларының алдында кедергі аз болмай шығатын.
Машинаның дизайнын жасаған В.Семушкин көлікке әрқашан жұрттың көңіліне жағатын келбет берді. Қазіргі уақытта жақсы сырланған «Нива» классикалық көлік ретінде жағымды көрінеді. Ал басқа КСРО көліктері біртүрлі ескілікті нұсқасында адамды кеудеден итеріп тұратынын жасыра алмайсың.
70-ші жылдары «Қырғи қабақ» соғыстың шырқау шегі кезінде жасалып жатқан көліктің жобасын шпиондар ұрлап кетпеуі үшін оны құпия сақтаған. Өйткені, жобада Кеңес одағының алдыңғы қатарлы технологиялық жетістіктері пайдаланылады. Жол таңдамайтын «Жигулидің жаңа нұсқасын» жұртқа сездірмеу үшін оған ойдан шығарылған эмблема жапсырылыпты. Сұрай қалған жұртқа жүргізуші бұл румындардың ФИАТ деген көлігі деп соққан екен.
Ниваның жаңа нұсқасы шығуына бір жыл қалғанда Мәскеуде XXV партия съезі өтетін болады. Сол кезде дәстүр бойынша осы алқалы жиынға «бірдеңе арналуы» тиісті. Жоспардан артық көмір қазу, болат құю, ұшақ жасау тағысын тағы. ВАЗ-да осыған бірнеше «Ниваны» жасап шығуды қолға алады. Алайда, машина құрастыру және жасау конвейері әлі дайын емес. Алайда белсенділер машинаны қолмен жинап шығуды дұрыс деп санайды. Асығыс жасалған машиналардың кемшілігі аз болмауы тиіс. 10 машина съезд делегаттарының алдынан жүріп өтуі керек болса да үлгермей қалады. Сөйтіп «шала туған» көліктер көзге күйік болмас үшін, оларды алыс аймақтарға таратып жібереді.
Жабық кузовтың алғашқы нұсқасы 1973 жылы дайын болды. Сынақ нұсқасы 232121 деген санмен белгіленсе, 1974 жылы «Нива» деген атты иемденеді. Бұл атты дизайнер В.Сёмушкин ұсынды.
Ауыл тұрғындарына арналған көліктің жайлы жасалуы автомобиль министрлігіне ұнай қоймады. Айталық, балшық пен саз кешіп жүретін машинада неге жайлы орындық, шудан оқшаулау, панелін үлкен әрі сыртқа шығып тұратындай жұмсақ етіп оңтайлы әрі сәнді жасаудың неге қажеті бар? ВАЗ өкілдері әрбір деталь бөлшек үшін дауласуға өз талаптарын өткізуге бар күшін салды.
Жол таңдамайтын сазға отырмайтын көліктің барлық дөңгелегі бірдей айналуы тиіс. Сондықтан «Нивада» түрлі тісті айналатын тегершіктер көп еді. Бұлар айналып тұрғанда қатты тарсылдақ пайда болатын. Осы шудың көптігіне бола, батыстағылар «Нива» жасағандар сірә керең болған деп мысқылдайтын.
Одақ кезінде шыққан машиналардың ішінде «Ниваның» ғана қосалқы дөңгелегі капот астында тұратын. Оған ВАЗ-да шығатын ең мықты көлемі 1600 см3 двигатель орнатылды. ВАЗ-2121-де алдыңғы дөңгелегіне дискілі тежеуіш орнатылды. Сол кезде жол таңдамайтын машиналарға барабанды тежеуіш механизмі жеткілікті саналатын. Ол балшық пен сазда бұзылмайды әрі көп күтімді қажет етпейді деп саналды.
Алдыңғы бұрылыс шамдары фарлардың үстіне орналасты. Конструкторлар осылай болғанда олар ластанбайды деп шешті. Кейінен бұл «Ниваны» басқа машиналардан ерекшелеп тұратын белгісіне айналды.
Қазір екі есігі бар Ниваны сирек кездестіресің. Аса көп күтімді талап етпейтін, әрі жөндеуге ыңғайлы, қосалқы бөлшектері арзан «Нива» ауылға таптырмайтын көлік. Бір қызығы таулы жер болғандықтан ба Арменияда қазір «Нива» жастарының сүйікті көлігі болып саналады. Жастар титанды дөңгелек қондырып, еркелетіп арабша «Dort J-har» деп атайды. Олар Ниваны тек Армения мен Грузия ғана сатып алады деп әзілдейді екен.
1977 жылы 5 сәуірде «Ниваның» алғашқы сериясы шығарыла бастады. Оның алдында жаңа көлікке жарнама жасау үшін одақ бойынша бірнеше автошеру өткізілген. Сондықтан халық бұл қандай көлік екенінен хабардар еді. Жалпы бұл марканың 4/5-і шетелге сатылды. Ал елге шығарылғандары тамыр-таныс арқылы жең ұшынан кетіп жатты. КСРО-да машина алу үшін көп ақшаң болуы аздық етеді. Өйткені машина қат болғандықтан жұрт он жылдап жинаған ақшасына ала алмай бірнеше жыл машина кезегінде тұратын.
Қазір ақшаңыз болса кез-келген автосалоннан, көлік базарынан көңіліңіз қалаған, әрі ақшаңыз жеткен көлікті сатып алуға еш кедергі жоқ. Осыны ойлағанда 70 жылдары Нива аламын деп бірнеше жылғы ұйқысы бұзылған жандардың халі аянышты көрінеді.
«Нива» алғаш шетелге шыққанда оңай сатыла қоймады. Сәті түскенде екі жылдан соң Еуропада қарлы қыс болды. Жолды тазалап үлгермей жатқанда джипы бар жұрт оппаға тұралаған көліктің жанына өте шығатын. «Нива» да жеңіл әрі мықты боғандықтан джиптермен күш тайталастыра алатын. Бұл жұртқа тегін жарнама еді.
Сол жылдары Германияда «Нива» сату төрт есеге артты.
Бұл Францияда халық ықыласына бөленген көліктің бірі. Оған ВАЗ-дың Франциядағы ресми өкілі Жан Жак Поктың үлесі зор. Ол өз қаржысына Париж-Дакар жарысына «Нива» командасын қатыстырды. 80-ші жылдан бұл команда жеңіс тұғырынан түспеді.
Сол кезде жол таңдамайтын Range Rover, Jeep Wagoneer модельдері жайлы болғанымен өте қымбат еді. Олармен күш сынаса алатын «Нива» әрі арзан, әрі жанармайды аз тұтынатын қарапайым адамдарға арналған машина болғасын жұртқа танымал болды.
Тағы да бір қызығы ең алғашында «Ниваны» сынаған кезде мемлекеттік комиссия оны қай бағытта сынау керек дегенге бас қатырған. Жол таңдамайтын көліктер тау-таспен жүріп сыналады. Ал жеңіл көліктер тас жолда және жер жолда жүруі тиіс. Техникалық кеңес бұрын мұндай әмбебап машинаны сынап көрмеген. Алайда көп ұзамай екі түрлі сынақтың бірнешеуі таңдалынып алыныпты. Мемлекеттік сынақта осылайша жаңа ГОСТ пайда болған. Сынақ қорытындысында бұл көлік ресми түрде «жеңіл толық берілісті» машина деп мойындалды. Алғашқы сынаққа «Нивамен» бірге УАЗ-496Б және сол кезде жер жүзіне танымал Range Rover және Land Rover 88 сынаққа түсті. Басында кузовы жеңіл әрі ешкімнің көңілінен шықпаған «Нива» барлық сынға төтеп беріпті. Комиссияның қорытындысында «Автомобиль қабылдау сынағына төтеп берді, экспортқа шығаруға өндіруге жарамды» деп жазылған.
Алғашында «Ниваның» құны 9000 сом болатын. Бұл сол кездегі партком хатшыларының сүйікті көлігі «Волгадан» сәл арзан еді. 1979 жылы барлық одақта шығатын машиналар қымбаттап, «Ниваның» құны 10300 бағаланды. Осыдан соң жұрт оны сатып алуға шамасы келмей жатты. Бір жылдан соң баға бұрынғы қалпына келтірілді.
Көпшілік «Нива» шетелге ел ішіндегіден анағұрлым арзанға сатылды дейді. Шындығында одақтың басқа көліктері секілді ол арзанға сатылмаған екен. Оның бағасы Германияда 80-ші жылдары 22 мың дойчмарка, Англияда 1996 жылы 8 мың фунт стерлинг тұрды (12 078 АҚШ доллары).
Германияда «Нива» сатып алу үшін «Мерседес» секілді кезекке тұратын. «Нива» әлемнің 100 еліне сатылып, оны Бразилия, Эквадор, Чили, Панама, Грекия, Канадада құрастырды. 80-ші жылдары Жаңа Зеландиядағы джиптің тең жартысы «Нива» болыпты.
«Нива» экспортқа КСРО өз еліне шығарғанннан әдемі әрі сапалы бірқатар артық бөлшектерімен жасады. Оның төбесі биік, кең шанақты дискілі, ішіне айна орнатылып, артқы терезеге тазалауыш бекітілді. Тәуір бояумен сырланды, салонын тәуір материалдан тігілді. Төбесінде люгі болды, радиатор қақпағы жылтырақ етіп жасалып, алдыңғы шамына қорғаныш тор, тұманды жарып шығатын шамы, кенгуру, баспалдақтары орнатылды.
«Ниваны» құрастыру арнайы ірі кәсіпорында жасалынады деп жоспарланған екен. Бір қызығы ол қазіргі «Калина» атты машина құрастырылатын ғимаратта шыққан. Өйткені, жаңа машинаны шығаруды жоғары жақ асықтырады. Ал жаңа корпус салуға көп уақыт кетеді. Сонда «Жигулидің» бөлшектерін шығаруға арналған 062-ші корпусты жаңа машина құрастыруға ыңғайлы деген шешім қабылданады. Бастықтар оны құрастыруға 85 мың шаршы метр жеткілікті деп шешеді. Шындығында бұл машина құрастыру, сырлау цехы үшін өте кішкене орын болатын.
30 жылдай шыққан машинаның неше түрлі мақсатқа арналған түрі көп. Мысалы, банктерде ақша тасу үшін инкассатор, полиция, өрт сөндіруші, төтенше жағдайлар қызметіне, жедел жәрдемге, аэропорт, орман шаруашылығына арналған нұсқасы деп тізе беруге болады. Тіпті жолсыз қардың үстімен шаңғылы адам секілді еркін жүретін алып дөңгелекті нұсқасы да бар. Солардың ішінде бір нұсқасы назар аударуға тұрарлық. Зауытқа Мәскеудегі Юрий Никулин циркі аюлар жүргізе алатын көлік жасап беруін сұрайды. Көп ұзамай рөлі, педалы аюлар басқаруға ықшамды ашық кабиналы «Нива» дайындалыпты.
Қызық дерек
Бір қызығы ең алғаш «Москвич-407» шыққан кезде «советтердің» машинасын Еуропаға көп шығаратын. АҚШ-қа да экспорттау жоспарланады. Никита Хрущевпен кездескен Америка президенті Дуайт Эйзенхауэр автомобиль жайына да тоқталады. Америка президенті «Москвич-407»-ні Америкада сатуға болады деп бағалайды. Және ол отставкаға кеткен кезде осы көлікпен өз ранчомда жүрсем жаман болмас еді дейді.
Бұдан кейін зауытқа Америка президентіне арналған машина жасап шығару туралы бұйрық беріледі. Тәжірибе цехында конвейерден сары, жасыл, қызыл қоңыр түсті үш машина таңдап алынып, оны жақсылап сырлап, жинай бастайды. Оның барлық бөлшектерін дұрыстап бекітеді. Кузовын қайта тегістеп, бояп, ішкі салонын қымбат матамен тыстайды. Машинада жоқ бөлшектерді орнатады. Екі аптада машина дайын болғанымен ол Эйзенхауэрге бұйырмады. Осы кезде одақтың үстінен заңсыз ұшып жүрген Американың барлаушы «У-2» ұшағы атып түсіріліп, оның ұшқышы тұтқындалды. Екі алып державаның қарым-қатынасы осыдан бастап суып кетті.
2002 жылы Шевроле Нива - атты орыстардың Америкамен бірлескен машинасы шығарылды. Алайда бұл жобаның ғұмыры ұзаққа бармады. Америкалықтармен шарт бойынша АВТОВАЗ бізге таныс «Ниваның» ескі моделін шығаруды тоқтатты. Елімізде «Азияавто» «Ниваны» 2003 жылдан бері құрастырып келе жатыр. Қазіргі уақытта 30 жыл ішінде 1,8 миллион «Нива» шығарылыпты.
1970 жылы КСРО Үкіметі ВАЗ-дың бірінші легін сәуір айында В.Лениннің 100 жылдығына арнап шығармақ болды. Алайда қанша асыққанымен күзде ғана газеттерде «Волга автозауытынан бірінші шағын көліктер шыға бастады» деген хабарлама жария болды. Жаңа машина «Жигули» деп аталды. Алайда, шағын ғана өзеннің орысша аты одақ көлемінде тәуір аталғанымен көлікті шетелге сатар кезде қиыншылықтар пайда болды. Француз тілінде бірқатар еуропа елдерінде ол орысшасы жаман сөз болып естілетін. Сондықтан оны шетелге шығарғанда «Лада» деп атауын өзгертеді.
«Нива» қазіргі Ресейде және КСРО шығарған автомобильдер ішінде шетелдіктердің клубқа бірлескен жалғыз көлігі. Жалпы батыс елдерінде бір мақсатқа немесе бір қызығушылығы үшін клуб құру үйреншікті нәрсе. Жаңа Зеландияда, Швецияда да, 1985 жылы ралли-рейд өткен соң Австралияда клуб ашылған. Англияда «Ниваның» жанашырлары «Лада» атты журналы шығарады.
Мақала автокөліктер сайтының материалдары негізінде әзірленді
Жәнібек АМАНГЕЛДІ