Нижат Рахимов Әлем чемпионатында медальсіз қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ашхабадта ауыр атлетикадан өтіп жатқан Әлем чемпионатында ел намысын қорғаған Нижат Рахимов Әлем чемпионатын сегізінші орынмен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нижат Рахимов біріншілікте 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуге шықты. Жұлқа көтеруде қазақстандық атлет 147 келі салмақты көтеріп, қарсыластарынан біршама қалып қойды. Серпе көтеруде Рахимов бірінші мүмкіндікте 185 келі салмақты сәтті көтеріп бастады. Екінші мүмкіндігінде Нижат 190 келі салмақты бағындырып, үшінші мүмкіндікке шықпады. Осылайша, спортшы 337 келі салмақпен, жалпы жарыстың сегізінші орынына табан тіреді.
Айта кетсек, өз тобында Рахимов серпе көтеру сайысында үшінші орынмен аяқтады.
Айта кетсек, Рахимов помостқа шығар алдында Илья Ильин оның Әлем чемпионатындағы өнеріне болжам жасап, спортшының дайындығы жақсы екенін хабарлаған еді.
Еске сала кетсек, Рио-де-Жанейрода екі жыл бұрын ХХХІ Олимпиада ойындарының бесінші күнінде Нижат Рахимов Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медальды салған болатын.