«Нобель иегерлерінiң алатыны - 30 мың доллар» - БАҚ-қа шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Отан қорғаушы күні мерекесіне орай кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз міндеттерін орындау жолында айрықша көзге түскен бір топ әскери, құқық қорғау және арнайы қызметтер саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Марапат алушылар алдында сөйлеген сөзінде Президент алдымен 7 мамырды өзінің Жарлығымен Отан қорғаушы күні деп жариялағанын еске салды. "Осы мерекені мемлекеттік мейрам ретінде алғаш рет атап өтеміз. Мен дәстүрлі түрде осы мерекенің қарсаңында Қарулы Күштер, құқық қорғау және арнаулы қызметтер саласында айрықша еңбегімен, ерлігімен көзге түскендерді наградтау туралы Жарлыққа қол қойдым", -деді Президент. Одан әрі Елбасы марапатталушылардың бәрі де ерен еңбегімен, қалтқысыз қызметімен ерекшеленген жандар екенін атап өтті. Бұл жайында «Еңбек пен ерлікке лайықты баға» атты мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Әбіләзовтің әлегі бұл күндері Ирландияны да шулатып жатыр» тақырыбымен мақала берілген. Ирландия БТА-банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзов тобының алаяқтық іс-әрекеттеріне тексеру жүргізгенде, оның Дублин түбіндегі қалашықта офис ашқан сыбайластары өздігінен су бетіне қалқып шыға келді. Қазір елдің құқық қорғау органдары осы жағына да бел шеше, білек сыбана кірісіп кетті. «Ал ақша жасаудағы алаяқтығы жөнінен алпауыттардың да алдыңғы легінен ойып орын алатын Әбіләзов өзінің «алыстан сермеп, жүректен тербеп» жасаған іріткі істеріне Ирландияның төл тумасы Филипп Барвеллді, Латвия азаматтары Стэн Горинді, Эрик Ванагелсті және Юрий Витманды тартып үлгерген екен. Бұл жерде біздің сужұқпастың осы жылпостардың бәрін тез тауып алып, жіпке тізгендей сызылтып соңынан ергізіп қойғанына еріксіз қайран қаласың»,-деп жазады газет.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Астана экономикалық форумынан қандай пайда бар? Биыл елордада бесінші рет өткелі отырған халықаралық жиынға қатысты көптеген сарапшылар осындай сауалды көлденең тартатындығын көріп жүрміз. Иә, шынында да қазынадан қыруар қаржы шығындап өткізілетін форумның игілігі ел экономикасына өз ықпалын тигізе ме?
- Тигізеді,- дейді «Еуразия экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығының жетекшісі, академик Серік Нөгербеков. - Соңғы 4 форумның нәтижесінде мемлекетке 8,5 млрд доллар инвестиция салу жөнінде келісімдер жасалды. 100 миллион долларға инновациялық жобаларға қол қойылды. Әлемнің ең мықты экономист-ғалымдары қазіргі дағдарыс жайында қалай әрекет ету керектігі жөнінде өздерінің ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Академиктің ойынша әлемде экономикалық үдерістерді талқылап, тоқтам айтатын екі топ бар. Олар: G-8 және G-20. Аты айтып тұрғандай топтарға аз мемлекеттер ұйысқанымен негізгі дүниенің тұтқасын ұстаған алпауыттар осылар. Алайда БҰҰ-ға тіркелген 190-нан астам елдер шешім қабылдау сәтінен тыс қалып, екі топтың топшылауына қарап отыра беруі керек пе? Бүгінде 111 мемлекеттің ғалымдарын аталған қазақстандық клубқа мүшелікке тарту мен Астанада экономикалық форум ұйымдастырудың негізгі мақсатының бірі бейтарап немесе қалыс қалмай өзгелердің де үнін жеткізу. Ортақ шешім мен ұсыныстарды Біріккен ұлттар ұйымының назарына ұсыну да жоспарларында бар. 22-24 аралығында өтетiн 10 Нобель сыйлығының лауреаты мен 70 мемлекеттен 2000-дай делегат қатысатын халықаралық басқосуға бюджеттен 370 миллион теңге шамасында қаржы бөлініп отыр. Бұл жайында «Нобель иегерлерінiң алатыны - 30 мың доллар» атты мақалада жазылған.
Осы басылымда көпшілік назарына «Стройбат» құрамаларын жаңғыртқан жөн» деген мақала ұсынылып отыр. Өткенді еске алсақ, Кеңестер Одағы тұсында әскерлер сабында «Стройбат» деп аталатын ерекше құрылым болды. Бұл өзі негізінен «шаруашылық істерімен» айналысатын құрылым. «Иә, мұндағылар сондықтан да әскери қызметке дайындықтан толық өтпейтін. Бірақ әскери қатаң тәртіпке бағынушы болды. Турасын айту керек, КСРО экономикасы деп аталатын үлкен арнаға мұндағылар тамшыдай болса да өз үлестерін қосты. Бүгінгі ел өмірінің ақиқаттары тұрғысынан қарағанда әрі-берідесін тіршілігіміздегі толып жатқан кеселдерді болдырмау үшін де осы «Стройбат» құрамаларын жаңғырту керек секілді. Бұл үшін бюджеттен қосымша шығын болады деген сылтауды айтпау керек. Өйткені «Стройбат» құрамалары өзін-өзі ақтайтын шаруашылық есептегі құрылым болмақ»,-деп жазады газет.