Нобель лауреаттарының қолтаңбасы бар телескоп Қазақстандағы оқушыларға сыйға берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Мәртебелі меймандар Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильдаға музей экспозициясы, роботты техника аймағы және ЖИ-кинотеатр мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Құрметті қонақтарға Alem.ai орталығын дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы, TUMO Astana білім беру бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстан-Бельгия бірлескен жасанды интеллект және математика зертханасының жұмысы туралы мәлімет берілді.
Зертханада NeuroLearn (ЖИ, нейроғылым мен бейімдеп оқыту салаларындағы зерттеулер) және ParkScreen (Паркинсон ауруын алдын ала анықтайтын ЖИ скрининг әдістері) секілді бастамалар қолға алынған.
Іс-шара барысында Гент университетінің атынан Қазақстанның талантты оқушылары мен студенттеріне телескоп табысталды.
Телескопта Нобель сыйлығының физика саласы бойынша лауреаттары Франсуа Энглердің, Герард ’т Хоофттың және Мишель Майордың, сондай-ақ бельгиялық астронавт Франк Де Винненің қолтаңбасы бар.
Бұдан бұрын Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысқанын жазғанбыз.