Нобель саңлақтарының тісі батпаған есепті шешкен қазақ ғалымы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып отыр

;    АСТАНА. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда Қазақстанның математика ғылымы саласындағы жетістіктері туралы көптеп айтылуда. Еліміздің жас математиктері көптеген халықаралық білім сайыстарында жоғары жетістіктермен көзге түссе, көш бастаған профессор-ғалымдарымыз тың ғылыми жаңалықтарымен барша әлемдік қауымдастықты таңғалдырып, қазақ халқын қуантып жүр. Солардың бірі -  Американың математикалық қоғамы­ның жоғары
None
None

   дәрежелі «Мур» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері,Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушісі, профессор Уалбай Үтмаханбетұлы Өмірбаев.

        Биыл Елбасының жарлығына сәйкес автоморфизмдер және еркін алгебралар саласындағы ерен еңбегі үшін профессор У.Өмірбаев ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреат­ы атанып отыр. Ол өзінің еңбекқорлығы мен тапқырлығы арқасында еркін алгебрадағы Кон және Каргаполов сынды белгілі ғалымдар қойған математикалық мәселелерді шешіп ғана қоймай, 30 жылдан бері шешілмей келген жапон математигі Нагата проблемасының түйінін тапты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Математика және механика бойынша ғылыми-зерттеу институтының директоры Нарғозы Данаевтың айтуынша, қолданбалы ғылымның даму тарихында осы саланың корифейлері үнемі белгілі бір математикалық проблемаларды қойып келген. Себебі осы проблемаларды шешу арқылы математика ғылымы ілгері басып, тың зерттеулерге жол ашылды. Мәселен, XX ғасырдың белгілі неміс математигі Давид Гильберт 17 бірдей математикалық проблеманы алға тартты. Оларды шешудің арқасында математика ғылымының құрылымы түбегейлі өзгеріп, дифференциалды теңдеулер теориясын ары қарай дамытуға мүмкіндік туды. «Еліміздің маңдайалды математигі Уалбай Өмірбаевтың әлемдік математика ғылымына қосқан үлесін осымен барабар деуге әбден болады», - дейді Н.Данаев. Бәлкім, алдағы уақытта әлемдік математикада қазақтың жас ғалымы Уалбай Өмірбаев та өзінің шешілмейтін есебін ұсынбақ.

       1972 жылы жапонның атақты ғалымы Нагата құрастырған есепке Уалбай Өмірбаев 80-жылдардың соңында білек сыбана кірісіп, он жылдың ішінде аталған математикалық проблеманың түйінін тарқатты. Бас кезінде ғалым қатты қуанды. Бірақ оның қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі  оның тапқан жауабы қарама-қайшылыққа толы болды. Есептің шешімін қайта-қайта тексергеннен кейін, жауаптың дұрыс емес екендігіне көзі жетті.  Алайда  бетінен қайтпады. У.Өмірбаев бойындағы сабырлығы пен еңбекқорлығы арқасында айналасы екі жылдың ішінде-ақ Нагата есебінің толық шешімін табады. Ал үш жылдан соң, яғни 2004 жылы белгілі математик-ғалым Кон проблемасын шешудің жолын жазып шықты. Осы мәселелерге арналған еңбектері үшін қазақстандық ғалым 2007 жылы Американың математикалық қоғамы­ның жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығына ие болды.

       «Нагата есебі шешілді!» дегенді естіген кезде шетелдік ғалымдардың көбісі сенбеді. Ал «Нагата есебін шешкен қазақтың жас ғалымы!» деген сөзге мүлдем құлақ асқан жоқ. Осыдан кейін Уалбай Өмірбаев өзінің ұстазы Шестаков екеуі саналуан халықаралық конференциялар мен ғылыми мәжілістерде өз жұмыстарын қорғауға кірісті. Гонконгте өткен  ғылыми форумда  Уалбай Өмірбаев бірнеше сағат бойы аяғынан тік тұрып, өз шешімін дәлелдесе де, шетелдік әріптестері міз бақпады. Олардың арасында «мұның бәрі бекер ғой, бұл кісіні неге тыңдап отырмыз» деп мұқатқандары да болды. Қазақ ғалымын бір-ақ адам мұқият тыңдады. Ол - атақты математик Макар Лиманов еді. Уалбай Өмірбаев шаршап-шалдығып, орнына жайғаса бергенде,  Макар Лиманов орнынан атып тұрып, тақтадағы есепке жүгірді. Оны қайта-қайта тексеріп:«Нақты және соңғы жауап осы, бұдан басқа жауаптың болуы мүмкін емес!»,- деп айқайлап жіберді. Осыдан кейін барлық математиктер Уалбай Өмірбаевқа:«Есептің ана жерін қалай, мына жерін қалай шештің? Соны дәлелдеп бер!», деп үздіксіз хат жазумен болды. Қазақтың маңдайалды математигі жауап жазудан жалыққан жоқ. Бір жыл өткеннен кейін ғана қазақ ғалымы Уалбай Өмірбаев тапқан Нагата жұмбағының шешімін барша әлем мойындады. Оның осы саладағы зерттеу еңбегіне арналған ғалымдардың пікірі 50 бетке дейін барып, математика саласындағы беделді халықаралық басылымдардың бірі - Американың математикалық қоғамы­ның арнайы жұрналында жарық көрді.

    Осылайша қазақтың жас ғалымын мойындамаған шетелдік ғалымдар  оның алдында бас иіп, тәжірибе алмасуды сұрады. Биыл У.Өмірбаевты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына үміткер ретінде ұсынған кезде оның ғылыми шығармашылығына пікір жазған 19 адамның 17-сі - шетелдік ғалымдар болды. Олардың ішінде АҚШ, Жапония, Франция, Болгария, Бразилия, Аргентина, Швейцария, Германия және Ресейдің бетке ұстар математиктері бар. Бұл қазақ ғалымы У.Өмірбаевтың және Қазақстандағы математика ғылымының жоғары әлеуетін көрсетсе керек.

     Бүгінгі таңда еліміздің дарынды жас ғалымы, профессор У.Өмірбаев Мемлекеттік стипендиялардың және  «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2007» мемлекеттік грантының иегері. Ол - «Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен  және «Білім саласының құрметті қызметкері» атағымен марапатталған математик. Енді, міне Нобель сыйлығының лауреаттары ұзақ уақыт бойы шеше алмай келген Нагата сияқты математикалық есептердің түйінін тапқан Уалбай Өмірбаев ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болып отыр. Ағылшын тілін еркін меңгерген қазақ ғалымы қазіргі кезде АҚШ-тың Детроит қаласында дәріс оқып жүр. Шетелдік жоғары оқу орындарында дәріс беріп жүрген кезде ол жас математиктердің  «Бұл -Нагата жұмбағын шешкен қазақ азаматы!» деген сөздерін жиі еститін көрінеді.

Соңғы жаңалықтар