Нобель сыйлығының иегерлері радиациядан қорғайтын белдік ойлап тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар радиациядан қорғайтын белдік ойлап тапты. Арнайы жабдықты үш Нобель сыйлығының иегерлері бірлесе отырып жасаған, деп хабарлайды 24 kz.

Нобель сыйлығының иегерлері радиациядан қорғайтын белдік ойлап тапты

Израиль ғалымдары ойлап тапқан антирадиациялық белдік сырт пішінге қарағанда қарапайым. Ол революциялық жабдыққа мүлдем ұқсамайды. Алайда ядролық апат кезінде оның орны бөлек. Тіпті радиация ошағында жүрген адам өмірін де сақтап қалуы мүмкін. Ең негізгі жаңалық - белдік құрылымында. Бұл жерде жабдық жасалған материал мен олардың орналасқан орны маңызды. Құрастырушылар белдіктің жасалу технологиясын құпияда сақтауды жөн көріп отыр. Дегенмен белдік құрылымы толық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Ол ағзаның ең осал жерін, біріншіден, жілік майды қорғауға бағытталған. Өлімге алып келетін радиация мөлшерін азайтып, адам өмірін сақтап қала алады. Белдік адам қозғалысына да мүлдем кедергі келтірмейді. «Ағзаның дәл осындай қорғанысын қамтамасыз ететін заманауи костюм, кем дегенде, 200 келі тартуы тиіс. Оны бірде бір адам киіп жүре алмайды. Ал біз құрастырған белдіктің салмағы - 15-ақ келі. Оны киген адам еш қиындықсыз қозғала алады», - дейді Нобель сыйлығының иегері, химик Майкл Левитт. Кейбір мамандар белдік тиімділігіне күмән келітіруде. Олар бұл жабдық қалқанша без бен бауырды қорғай алмайтынын айтады. Ал құрастырушылар белдік барлық сынақ түрінен мүдірмей өтіп, аталған талапқа сай болып шықты деп сендіруде. Жақын арада ғалымдар оны дала сынақтарында байқап көрмек. Қазірдің өзінде бұл белдікке Жапония мен Ресей билігі тапсырыс берген екен.