Нора Джеруто жүкті болса да, Париж Олимпиадасына қатысуға теориялық мүмкіндігі бар - вице-министр

нора джеруто
Фото: olympic.kz

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысынан кейін журналистер сұрағына берген жауабында Кениядан шыққан легионер спортшы Нора Джерутоның Париж Олимпиадасында Қазақстан атынан өнер көсрету мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Жиын барысында вице-министр 3000 метрге жүгіруден Қазақстанға әлем чемпионатының алтын медалін алып берген жеңіл атлеттің допинг дауынан ақталып шыққанын, Париж Олимпиадасына қатысуға еш шектеу жоқ екенін айтты.

Жиыннан кейін журналистер аталған спортшының жүктілігі Парижде бақ сынауына кедергі келтірмей ме деген сауал қойды.

«Оның Париж Олимпиадасына қатысуы жоспарда бар. Бірақ қатыса ма, қатыспай ма, әлі белгісіз. Неге десеңіз, жеңіл атлетиканың лицензиялық жарыстары 2024 жылғы шілде айына дейін өткізіледі. Яғни, әлі сол жарыстардан өтуі керек. Негізі жоспарда тұр. Нора Джеруто - рейтингте бірінші қатарда тұрған спортшылардың бірі. Сондықтан аман-есен босанып, баланы дүниеге әкелгеннен кейін жарысқа қатысып, жеңімпаз боп шықса, әрине, қатысуы мүмкін. Яғни, теориялық тұрғыда мүмкін», - деді Серік Жарасбаев.

Еске салсақ, биыл сәуір айында Нора Джерутоның допинг дауына іліккені мәлім болған. Кейін оның жүктілікпен байланысты дәрі қолданғаны дәлелденіп, допингтен таза екені хабарланды. 

Соңғы жаңалықтар