14:58, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Нормативтен тыс ысыраптардың төмендегеніне қарамастан, кәсіпорындар электр энергиясы және жылу энергиясы бойынша қомақты қаржы жоғалтуда
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Нормативтен тыс ысыраптардың төмендегеніне қарамастан, еліміздегі кәсіпорындар әлі де болса электр энергиясы мен жылу энергиясы бойынша қомақты қаржыны жоғалтуларын жалғастырып жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2008 жылы кәсіпорындардың нормативтен тыс шығындары төмендеді. Мәселен, электр энергиясы бойынша нормативтен тыс ысыраптардың шығындары 15,7 пайызға төмендеп, 330 млн. теңгені құрады. Ал, жылу энергиясы бойынша мұндай ысыраптар 400 млн. теңгеге азайды, бұл 2007 жылғы деңгейдің 12 пайызын құрайды. Соған қарамастан, кәсіпорындар электр энергиясы бойынша шамамен 1 млрд. 700 мың теңгені және жылу энергиясы бойынша 2,5 млрд. теңгені жоғалтып отыр», деді бүгін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Алдабергенов. Оның айтуынша, бұл міндеттерді келешекте шешу қажет. Осы бағыттағы жұмыстар жаңа механизмдер мен ынталандыруларды қолдану арқылы жалғасуы тиіс. Н. Алдабергенов өткен жылы тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен 99 субьектінің ысыраптарының деңгейін төмендетілгенін айтты. «Бұл шара тарифтердің деңгейіне аталмыш факторлардың әсерін әлсіретуге мүмкіндік берді. Өйткені, тарифтердің құрылымында нормативтік ысыраптарға арналған шығындар 50 пайызға жетіп жығылады», деді ол.