Нормативтік-құқықтық актілердің құқықтық мониторинг жағдайы талқыланды
АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Әділет вице-министрі Д. Құсдәулетовтің төрағалығымен ҚР Әділет министрлігі жанындағы Мемлекеттік органдардың заң қызметтерін үйлестіру кеңесінің 3-ші отырысы өтті,
деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Ағымдағы жылы Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен қабылданған заңдарға мониторинг жүргізудің заңнамалық тәртібін бекіту бойынша жұмыстар жүргізді. Осыған байланысты, кеңес отырысының мақсаты барлық деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілерге жасалатын құқықтық мониторингілердің қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылау болды», - делінген хабарламада.
Ведомствоның атап өтуінше, жиында республика Үкіметінің нормативтік қаулыларына құқықтық мониторинг жүргізудің өзекті мәселелері, қабылданған заңдарға жүргізілетін құқықтық мониторингті ұйымдастыру сынды мәселелер талқыланған.
Іс-шара қорытындысында мемлекеттік органдардың алдына тұрақты түрде нормативтік-құқықтық актілерге мониторинг жүргізу бойынша айқын міндеттер белгілеген қорытынды хаттамаға қол қойылды.
Кеңес отырысына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың заң қызметтерін үйлестіру кеңесінің және ҚР Үкіметі жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелері қатысты.