Норвегия бензинмен жүретін көліктерге қарағанда электромобильдер саны бойынша көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Норвегияда электромобильдер саны алғаш рет бензинмен жүретін көліктердің санынан асып түсті. Бұл туралы елдің Жол қозғалысы бойынша ақпарат кеңесі мәлімдеді.
Норвегияда барлығы 2,8 миллион жеңіл автокөлік тіркелгені атап өтілді. Оның 754 303-і электромобиль болса, 753 905-і бензинмен жүретін көліктер. Гибридті көліктер саны 366 мыңға жуық. Тағы миллионға жуық дизельді көліктер бар, бірақ олардың саны азайып барады.
– Бұл тарихи оқиға. Он жыл бұрын мұндай жағдай болады деп ешкім күтпеген. Норвегия жолаушылары электромобильдер басым болатын әлемдегі бірінші ел болу үшін жылдам қадамдар жасапи отыр, – деді Жол қозғалысы бойынша ақпарат кеңесінің директоры Ойвинд Солберг Торсен.
Оның болжамы бойынша, 2026 жылға қарай елдегі электромобильдер саны дизельді көліктерден де асып түседі.
2024 жылдың тамыз айында Норвегияда сатылған 11 114 көліктің 94 пайызы электр қуатымен жүретіні хабарланды. Бұл өсімге Tesla Model Y сатылымы (шамамен екі мың автокөлік) ықпал етті.
The Washington Post басылымының жазуынша, елде Норвегия үкіметі бастамаларының арқасында электромобильдер саны көш бастап тұр. Атап айтқанда, түрлі салықтар алып тасталған, тұрақ ақысын төмендетілген және мұндай көліктер үшін автобус жолақтарын пайдалануға рұқсат берілген.