Норвегия қазақстандықтарды Ораза Айт мерекесімен құттықтады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Норвегиядағы Қазақстан елшілігіне Норвегияның діни бірлестіктермен ынтымақтастық кеңесі атынан Ораза Айт мерекесімен құттықтау хат келіп түсті. Хатта бейбіт әрі қуанышқа толы мерекеге орай қазақстандықтарға ең жақсы тілектер жолданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Норвегияда біз Рамазан айынан кейінгі Айт мерекесін атап өтетін мұсылман бауырларымызға жан-жақты қолдау білдіреміз», - дейді хатта Кеңес басшысы Ингрид Розендорф Джойс ханым «әлемнің түкпір-түкпірінде адамдар әлі де конфессияаралық дәрежеде бөлініп алып, қорқыныштан арыла алмай жүргенін» тілге тиек ете келе.
Сондай-ақ, Норвегияның діни бірлестіктермен ынтымақтастық кеңесі діні мен ұлты басқа болғанына қарамастан, бейбітшілік мәдениеті мен толеранттылықты дамыту жолында, ортақ мақсаттарға жету жолында сенім арта алатын қазақстандықтарға алғысын білдірді.