Норвегия маусымда COVID-19-ға қарсы вакциналау құжатын енгізеді

БРЮССЕЛЬ-ОСЛО. ҚазАқпарат – Норвегияның Премьер-министрі Эрна Сольберг ел ішіндегі карантин шектеулерін жеңілдету үшін биылғы маусым айында скандинавиялық мемлекет вакциналау құжатын қолдануды бастайтынын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Норвегия маусымда COVID-19-ға қарсы вакциналау құжатын енгізеді

Эрна Сольбергтің айтуынша, сертификат оның иесі вакцина алған-алмағаны, сондай-ақ бұрын коронавируспен ауырған-ауырмағаны туралы мәліметтерді қамтиды.

«Бұл сертификаттар біздің қоғамды тезірек және ертерек ашуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті премьер-министр. Норвегия Еуропалық Одаққа мүше емес, бірақ Еуропалық бірыңғай нарық пен Шенген туристік аймағында бар.

Сертификат ЕО-ның барлық стандарттарына сәйкес келеді және шетелге сапар шегу үшін қолданылады.

Пандемия басталғаннан бері Еуропада ауру жұқтыру мен өлім-жітім жағдайларының ең төмен деңгейлерінің бірі Норвегияда болды. Бірақ наурыз айында коронавирус салдарынан ауруханаға жатқызылғандар саны тез өскеннен кейін қатаң шаралар қолданылды.

2021 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша Норвегия тұрғындарының 31,7% - ы коронавирусқа қарсы алғашқы екпені алды, ал 8,4% - ы толық вакциналаудан өтті .

Автор: Арнұр Рахымбеков