Норвегия Ресеймен шекарасына дуал салуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы елдің Әділет министрі Эмили Энгер Мель мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.
Оның айтуынша, дуал бүкіл 198 шақырымдық құрлық шекарасына немесе оның бір бөлігіне салынуы мүмкін.
«Шекара қоршауы тосқауыл бола алатындығымен ғана емес, шекараға жақындаған адамдарды анықтайтын датчиктер мен технологиялардың болуымен де маңызды. Енді мұндай қоршау Норвегияда да шындыққа айналады. Бұл шара шекараның толық немесе бір бөлігіне қатысты болуы мүмкін», - деді министр NRK хабар тарату компаниясы берген сұхбатында.
Норвегия билігіне жақын арада Ресеймен шекарада 200 шақырымдық қоршау салуды жоспарлап отырған Финляндияның үлгісі ой салғаны хабарланды.
Мель биліктің басқа да шараларды қарастырып жатқанын атап өтті, оның ішінде шекарашылар санын көбейту және «Стурскуг» (Ресей жағынан – «Борисоглебск») жалғыз автокөлік өткізу пунктінде бақылауды күшейту. Осы шекара бекетінде 2015 жылы Ресей аумағынан Сирия, Ауғанстан және Ирактан 5 мыңнан астам босқын ағылып келгеннен кейін Норвегия биіктігі 3,5 метр болатын 200 метрлік дуал салды.
Бұған дейін Грекия Түркиямен шекарада дуал салу жоспарын жариялаған болатын.