Норвегияда Стад түбегі арқылы әлемдегі алғашқы кеме тоннелі салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Норвегия ірі теңіз кемелеріне арналған әлемдегі алғашқы тоннель болатын Стад жобасын бастайды. 

Норвегияда Стад түбегі арқылы әлемдегі алғашқы кеме тоннелі салынады
Фото: kystverket.no

Норвегия жағалау әкімшілігінің мәліметінше, әлемдегі алғашқы кеме жүретін тоннельдің құрылысы 2027 жылы басталмақ.

Жобаның жүзеге асуына центристік және солшыл партиялар арасындағы келісім ықпал етті. Тараптар тоннель құрылысын қаржыландыруды нақтыланған мемлекеттік бюджетке енгізуге келіскен.

Эйнар Вик Арсет басқаратын Норвегия жағалау әкімшілігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарын келесі жылдың басында бастау үшін барлық қажетті рәсімдер жүргізіледі.

Бас мердігерді анықтау бойынша конкурс екі жылға жуық уақытқа созылды. Сәуір айында үш үміткердің соңғы ұсыныстары қабылданып, өтінімдерді бағалау аяқталды. Жеңімпаз жарияланғаннан кейін нәтижелерге шағымдану мерзімі беріледі, содан соң келісімшартқа қол қойылады. Сонымен қатар билік инженерлік желілерді көшіру және болашақ құрылыс аймағындағы нысандарды бұзуға қатысты қосымша келісімдерді дайындап жатыр.

Тоннель Норвегияның батыс жағалауындағы Стад түбегінің ең тар бөлігін кесіп өтеді. Ол екі фьордты байланыстырып, кемелерге ел жағалауындағы ең күрделі әрі қауіпті теңіз учаскелерінің бірін айналып өтуге мүмкіндік береді.

Тоннельдің ұзындығы 1,7 шақырым болса, кіреберіс бөліктерімен бірге шамамен 2,2 шақырымды құрайды. Ені 36 метр, биіктігі 50 метр болады. Мұндай өлшемдер Норвегияның жағалау бағыттарында қатынайтын ең ірі жолаушылар және жүк кемелерінің өтуіне мүмкіндік береді.

Жобаның басты мақсаты — ауа райы құбылмалы, қатты жел мен жиі дауыл соғатын Стад маңындағы теңіз қатынасының қауіпсіздігін арттыру. Тоннель салынғаннан кейін бұл аймақтағы кеме қатынасы анағұрлым сенімді әрі қауіпсіз болады.

Айта кетейік, Норвегияда алты жастағы бала мектеп экскурсиясында викингтердің семсерін тауып алды.