Норвегияда зейнетке шығу жасын 70 жасқа дейін көтеруге кірісті
АСТАНА. KAZINFORM – Норвегия билігі 2029 жылдан бастап мемлекеттік зейнетақы алу жасын кезең-кезеңімен көтеруді ұсынып отыр. Жаңа ұсынысқа сәйкес, зейнетке шығу шегі азаматтардың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты өзгеріп отырады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Ұсыныс бойынша, қазіргі 67 жастағы стандартты зейнетке шығу жасының орнына өмір сүру ұзақтығына қарай ұлғайып отыратын көрсеткіш енгізіледі. Сонымен қатар зейнетақы алуға болатын ең төменгі жас та көтеріледі. Қазір бұл көрсеткіш 62 жасты құрайды.
Жаңа өзгерістер бірінші кезекте 1967 жылы туған азаматтарға әсер етеді. Олар үшін зейнетке шығу жасына қатысты шектер шамамен үш айға ұлғаяды. Ал өмір сүру ұзақтығына қатысты қазіргі болжамдар сақталса, 1990 жылдардың соңында туған адамдар стандартты зейнетақыны шамамен 70 жастан бастап ала алады. Зейнетақыны мерзімінен бұрын алу жасы шамамен 65 жасқа дейін көтерілуі мүмкін.
Үкімет ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке ерте шығуға мәжбүр болған азаматтарға өмір бойы төленетін қосымша үстемақы енгізуді де ұсынып отыр. Бұдан бөлек, мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын және ең төменгі зейнетақыға күн көретін адамдардың төлемдерін жақсарту шаралары қарастырылған.
Ұсыныс бойынша қоғамдық талқылау 2027 жылғы 17 ақпанға дейін жалғасады. Үкімет заң жобасын 2027 жылдың көктемінде Парламентке енгізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан жыл сайынғы Marsh және CFA Institute әзірлейтін Global Pension Index 2026 жаһандық зейнетақы индексінде 55 елдің арасында 64,8 ұпаймен 29-орынға тұрақтаған еді.
Ал зейнетақы аннуитеті бойынша 63 жасты күтпестен айына 200 мың теңге алу үшін не істеу керек екенін мына жерден оқи аласыз.
Сондай-ақ Қазақстан жаһандық зейнетақы индексінде «орнықтылық» рейтингін сақтап қалғанын жаздық.