Норвегиялық фермер 1000 жыл бұрынғы қылышты тауып алды

АСТАНА. KAZINFORM – 27 мамырда Ойланд Ловра ұлымен бірге Рогаланд округіндегі бос жатқан егістік алқабын тазалап жатқанда құнды жәдігерді тауып алған.

Норвегиялық фермер 1000 жыл бұрынғы қылышты тауып алды
Фото: Rogaland Fylkeskommune

Әу баста баласы Юланд тот басқан темірге аса мән бермей, лақтырып жібергісі келген. Алайда Ойланд темірді мұқият қарап шығып, оның Викинг дәуіріндегі қылыш екенін түсінген.

Фермаға келген Ставангер университетінің археологтары Ойландтың олжасы өте құнды деген қорытындыға келді. Бұл – Рогаланд ауданында табылған алғашқы қылыш.

Қылыш біздің заманымыздың 900-1050 жылдарында жасалған. Соңғы мыңжылдықта қылыш жүзінің ұзындығының жартысынан аз бөлігі ғана (шамамен 37 сантиметр) сақталыпты.

Сирек кездесетін жәдігерді рентгендік зерттеуден өткізгенде оның сабында кресттің суреті және Ульфберт деген жазудың бар екенін көрсетті. Ғалымдар бұл қылыш ерте орта ғасырларда әйгілі болған викинг қылышының бірі болуы мүмкін деп болжап отыр.

Ульфберт сол кездегі Франк империясының аумағында сапалы қылыштарды соққан шебердің аты болуы мүмкін. Осы уақытқа дейін дәл мұндай 170-ке жуық қылыш табылғанын атап өткен жөн. Көбіне Скандинавия елдері аумағында тіркелген. Десе де, ғалымдар өткен мыңжылдықта Ульфберт жазуы бар қарулар бүкіл Еуропаға таралған деп санайды.