Норвегиялық физик эксперимент үшін су ішінде өз-өзіне оқ атты - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Норвегиялық физик Андреас Валь жантүршігерлік эксперимент жасауға шешім қабылдаған. Ол тәжірибе барысында физика заңдылықтарының әрекетін көрсеткен. Ғалым Андреас Валь арнайы үштағанға орнатылған мылтықпен су астына өзіне оқ атты, деп жазады шетелдік БАҚ.
Оның батыл экспериментінің видеосын NRK телерадиокомпаниясы жариялады. SIG SG 550 мылтығы өзінен үш метрдей қашықтықта бассейннің түбіне орнатылған. Ғалым қаруға қарсы тұрып, бір ұшы автоматтың тартпасына байланған жіпті сәл қозғап, өз-өзіне оқ атқан.
Абырой болғанда, оқ ғалымға жетпей қалды, оның кинетикалық энергиясы оқ атқаннан кейін су ішінде бірден төмендеп кеткен. Роликте 5,56 мм калибрлі оқтың су астында 1,5 метрге дейін қалай жеткені анық көрінеді. Бұл ауаға қарағанда, судың құрылымы тығыз екендігін білдіреді. Сондықтан оқ жылдамдығы атқаннан соң бірден төмендейді де, адам үшін қауіп тудырмайды.