Нөсер салдарынан қала көшесінде көлік суға батса, шығынды қалай өндіруге болады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының коммуналдық шаруашылығы басқармасы ресми сауалымызға жолдаған жауабында қатты нөсерден кейін жолдарды су басып, автокөлік суға батса, шығын қалай өтелетіні жөнінде мәлімдеді.
– Көлік құралдарына су басу салдарынан келтірілген залалды өтеу мәселелері ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес қаралады. Залалды өтеуге негіз болатын нақты мән-жайлар ескеріле отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен қалалық әкімдік қаражаты есебінен шешіледі, – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91 және 92-баптарына сәйкес әкімшілік актіге, сондай-ақ әкімшілік әрекеттерге немесе әрекетсіздікке сотқа дейінгі әкімшілік тәртіппен шағымдануға құқылы.
– Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне не әрекетсіздігіне шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі. Оны әкімшілік тәртіппен сотқа дейінгі қарауды Астана қаласы әкімдігінің ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерінің және олардың шағымдарды қарау жөніндегі жұмыс тобы немесе басқарма басшысы жүргізеді. Шағым үш айдан кешіктірілмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі. Сондай-ақ, уәкілетті органның жауабымен келіспеген жағдайда, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің
91-бабының 6-тармағына сәйкес өтініш бойынша қабылданған шешімге әкімшілік рәсімге қатысушы сотқа шағымдануы мүмкін екенін түсіндіреміз, – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Астана көшелеріне не себепті жаңбыр суы жиналып қалатынын жазғанбыз.